Қазақстан СІМ-де Алматыда тағамдық желатин өндіру жобасын жүзеге асыру мәселесін талқылады
18.11.2025 20:20:36 38Астана, 2025 жылғы 17 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «Iskefe Holding» (Түркия) компаниясының негізін қалаушысы және директорлар кеңесінің төрағасы Билял Алкочпен кездесу өткізді. Кездесуде Алматы қаласында тағамдық желатин өндіру зауытының құрылысын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Инвестициялық жоба «Halavet KZ» еншілес компаниясы арқылы «Алматы» индустриялық аймағында іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 22,5 млрд теңгені құрайды және 185 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7 мың тонна желатинді құрайды. Жоба ірі қара мал терісін терең өңдеу бойынша толық циклды қамтиды және жоғары қосылған құны бар өнім шығару мен қоршаған орта талаптарына сай тазарту құрылғыларын салуды қарастырады.
Кездесу барысында тараптар жобаның жүзеге асырылу барысын, жер учаскелерін бөлу мен инженерлік инфрақұрылымға қосылу мәселелерін, сондай-ақ ҚР СІМ-мен жасалған үлгілік инвестициялық келісім шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.
Ғ.Оспанқұлов «Iskefe Holding» жобасын технология трансферінің және халықаралық өндірісті жергіліктендірудің үлгісі ретінде атап өтіп, оның өңдеу өнеркәсібін және елдің экспорттық әлеуетін дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті: «Halavet KZ» жобасы қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа бағытын қалыптастырады – мал шаруашылығынан бастап, әлемдік нарықта сұранысқа ие дайын өнім шығаруға дейін. Мұндай бастамалар отандық шикізаттың қосылған құнын арттырып, Қазақстанның өңірлік өндірістік орталық ретіндегі позициясын нығайтады», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны әрі қарай сүйемелдеу және оны белгіленген мерзімде табысты іске асыру үшін ұйымдастырушылық-техникалық мәселелерді бірлесіп пысықтауға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1107766?lang=kk