Қазақстанның Жібек жолы мұрасы: британдық жазушы Ник Филдингтің дәрісі Лондонда қызығушылық тудырды

Қазақстанның Жібек жолы мұрасы: британдық жазушы Ник Филдингтің дәрісі Лондонда қызығушылық тудырды

19.11.2025 17:30:52 122

Өткен аптада Ұлыбританияның беделді жеке клубтарының бірі – 1837 жылы негізі қаланған лондондық Army and Navy Club – белгілі британ жазушысы әрі саяхатшысы Ник Филдингтің Younghusband Lecture атты дәрісін қабылдады.

Adventure Circle клубының мүшелері алдында сөйлеген Ник Филдинг «Қазақстан: Солтүстік Жібек жолын зерттеу» атты көрнекілігі мол презентациясын ұсынды. Ол Алматыдан Арал жағалауына дейінгі өзінің соңғы экспедициясының нәтижелеріне сүйене отырып, Қазақстанның Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы стратегиялық рөліне ерекше тоқталды. Зерттеуші тарихи мәліметтер мен мәдени байқауларды шебер үйлестіріп, еліміздің байырғы дәуірдегі айбынды келбетін жанды түрде суреттеп, бүгінгі күнге дейін әлі толық ашылмаған туристік әлеуетін атап өтті.

Филдингтің айтуынша, ғасырлар бойы Жібек жолы саяхатшылар мен жазушыларға шабыт беріп келген. Ол бір ғана бағыт емес, Орталық Азияның шөлдері мен тауларын, кең жазира даласын қиып өтетін сан тарам жолдардың алып желісі. Зерттеуші бір кездері атақты болған Отырар, Сауран, Сығанақ және Жанкент қалаларына, сондай-ақ тарихи да, бүгінгі бейнесімен де айбынды Түркістанға айрықша көңіл бөлді. Бұл шаһарлар заманының ең маңызды сауда, мәдениет және дипломатия орталықтары ретінде Шығыс пен Батысты жалғаған алтын көпір болғаны белгілі.

Қазақстанды 15 жылдан бері, негізінен елдің шығысы мен оңтүстік-шығысын аралап жүрген Ник Филдинг соңғы сапарлары кезінде Солтүстік Жібек жолының тарихи және стратегиялық маңызына тереңірек көз жеткізгенін айтты. Ол бұл бағытты Жібек жолының ең маңызды, бірақ әлі тиісті деңгейде бағланбаған тармақтарының бірі деп атады.

Іс-шараға зерттеушілер, тарихшылар және шытырман оқиға әуесқойлары кеңінен қатысты. Дәріс барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі де қатысып, қонақтарға еліміз туралы кітаптар мен сувенирлер ұсынып, Қазақстанның бай мұрасы мен заманауи келбеті туралы әңгімелесті. Сонымен қатар Елшілік кеш мазмұнын ежелгі карталар мен қазақ мемлекеттілігіне қатысты қолжазбалар көрмесімен және елдің табиғаты мен археологиялық ескерткіштерін танытатын визуалды экспозициямен толықтырды.

Елшіліктің саяси кеңесшісі Бауыржан Нұрбалин Ұлыбритания азаматтары үшін Қазақстанда 30 күн визасыз болу мүмкіндігі бар екенін, сондай-ақ Air Astana аптасына төрт рет Лондон – Алматы бағытында тікелей рейс жүзеге асыратыны атап өтті. Бұл факторлар Қазақстанды британдық саяхатшылар үшін бұрын-соңды болмаған деңгейде қолжетімді етіп отырғанын жеткізді.

Younghusband Lecture дәрісі Қазақстанның бай тарихи мұрасын дәріптеп қана қоймай, еліміздің ғалымдар, зерттеушілер мен саяхатшылар үшін тартымдылығы артып келе жатқанын айқын көрсетті. Көптеген қонақтар шарадан шабыттанып, Қазақстанды өз көзімен көруге деген ықыласпен тарасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1108453?lang=kk