Қазақстанда инвестиция тартудың жаңа тетігі іске қосылады
19.11.2025 17:30:57 109
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасының жобасы қаралды. Жаңа құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.
Бағдарламаның басымдығы экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен халықтың нақты табысын арттыру. Ол үшін бағдарламада экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының шаралары мен құралдарының жиынтығы қарастырылған.
Биыл экономиканың сапалы өсуі жалғасуда. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім 8,2%-ды құрады, қызметтер өндірісі 5,3%-ға өсті. Салалар арасында көлік қызметтері , құрылыс (15,1%-ға) және тау-кен өнеркәсібі (9,6%-ға) ең жоғары өсімді көрсетеді. Сауда – 9%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 5,8%-ға, ауыл шаруашылығы – 5,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасауда өңдірістің 11,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда – 13,3%-ға, тамақ өнімдерінде – 9,1%-ға, сусындарда – 8,7%-ға, химия өнеркәсібінде – 10,9%-ға, мұнай өңдеуде – 6,3%-ға, металл бұйымдарында – 14,1%-ға өсуі қамтамасыз етілді.
2026-2028 жылдары экономика жылына орта есеппен 5%-дан төмен емес деңгейде өсетін болады.
«Үкімет тек жалпы ішкі өнім құрылымы салаларындағы өсуді ғана мақсат етпейді. Өсуді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңызды факторлардың үлесі ескерілетін болады. Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы өзекті болып отыр», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
«Инвестицияларға тапсырыс» қағидатына негізделген жаңа тәсіл енгізілуде. Құны 29,5 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар үшін басым салаларда 25 жыл ішінде заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісімдер жасалады.
Экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілетін болады. Холдинг ұлттық экономика үшін барынша мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін 15-20 жүйе құраушы жобаны жүзеге асыруға шоғырланады. 2026 жылға арналған портфельде басымдықтар келесідей бөлінеді:
42% химия және мұнай-газ химия өнеркәсібін,
19,6% – көлік және логистиканы,
12,1% – энергетиканы,
7,1% – тау-металлургиялық кешенді,
6,4% – агроөнеркәсіптік кешенді және тамақ өнеркәсібін қаржыландыруға тиесілі.
Ол үшін Үкімет республикалық бюджет параметрлеріне сәйкес 2026 жылы «Бәйтерек» холдингіне 1 трлн теңгеге дейінгі бюджет қаражатын бөлуді жалғастырады.
Бюджет тапшылығын 2028 жылы жалпы ішкі өнімге
0,9%-ға дейін, ал мұнайға қатысты емес тапшылықты жалпы ішкі өнімге 2,7%-ға дейін қысқарту жоспарлануда.
Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге 26%-дан аспайтын тұрақты деңгейде сақталатын болады.
Инфляцияға қарсы шаралар шеңберінде электрондық сауданы реттеуге ерекше назар аударылады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында маркетплейстерде – бөліп төлеген және бөліп төлемеген кезде қосарланған (сараланған) бағалар практикасы енгізіледі.
Серік Жұманғарин тарифтік саясат бойынша да ақпарат берді. Вице-премьер 2026 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылғанын атап өтті.
Тарифтерді көтеруге мораторий қолданылу кезеңінде табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді тексеру жүргізіледі.
2026-2028 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 30 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Үкімет квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий қолданылады. Одан әрі оңтайландыруға ұсынылатын мемлекеттік объектілердің жаңа тізбесі қалыптастырылды. Оған баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания кірді.
Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарлануда.
Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылық бағытын арттыру үшін цифрлық технологиялар қолдануды кеңейтуге баса назар аударылады.
«2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3%-дан төмен емес болады», — деді вице-премьер.
https://primeminister.kz/news/kazakstanda-investiciia-tartudyn-zana-tetigi-iske-kosylady-30734
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1108437?lang=kk