Кореямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді

Кореямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді

20.11.2025 16:40:40 75

Сеул, 2025 жылғы 19 қараша – Кореяның Ұлттық Ассамблеясы ғимаратында Кореяның ғылым және шығармашылық қоры (KOSAC) және Орталық Азия – Корея Республикасы (ОАКР) ынтымақтастық форумы Хатшылығының қолдауымен «Корея мен Орталық Азияның ЖИ-дарындарды дамыту жөніндегі ынтымақтастығы» атты форум өтті.

Форумға Ұлттық Ассамблея депутаттары Хон Ги Вон мен Ким Гон, сарапшылар, жетекші ғалымдар, сондай-ақ Орталық Азия елдері Елшіліктерінің өкілдері қатысты.

KOSAC Президенті Чон У Сонг іс-шараның ашылу салтанатында форумның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы болашақты бірлесе құру, сондай-ақ Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты және көпжақты білім беру бағдарламаларын кеңейту үшін маңызды алаң екенін жеткізді.

ОАКР форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Чон Гук Корея мен Орталық Азия мемлекеттері экономика, білім, мәдениет және басқа да салаларда 30 жылдан астам мерзім бойы табысты ынтымақтасып келе жатқанын айтты. Ол Форумның цифрландыру және ЖИ саласындағы практикалық серіктестік бағдарламаларын іске асырудағы ерекше рөлін атап өтті.

Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов құттықтау сөзінде форумның Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Ол ЖИ-дің қазіргі таңда тек технологиялық серпіліс емес, басқару, білім беру, денсаулық сақтау және экономикалық бәсекеге қабілеттілікке әсер ететін трансформациялық күшке айналғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көрсетілген жасанды интеллектті дамытуға саяси қолдау туралы айтып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды қоса алғанда Мемлекет басшысының жаңа бастамалары туралы ақпарат берді.

Қазақ дипломаты нақты мысалдарға тоқталды: Түркістанда Woosong университетінің филиалының ашылуы, сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде SeoulTech-пен бірлескен Жасанды интеллект институтының құрылуы. Ол студенттерді, инженерлерді және зерттеушілерді даярлау саласындағы ынтымақтастық екі елдің инновациялық және цифрлық дамуы үшін берік негіз қалыптастыратынына сенім білдірді.

Форумда сарапшылар ЖИ-дарындарды дамыту, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауға арналған дамуға ресми көмектің стратегиялық қолданылуы, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың көкжиектері бойынша баяндамалар жасады.

Дөңгелек үстел қатысушылары бірлескен жобалардың болашағын талқылап, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасудың өзектілігін атап өтті. Форум Корея мен Орталық Азия елдерінің жасанды интеллект саласындағы білім беру және технологиялық бастамаларды дамыту үшін жүйелі серіктестіктің маңызын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1109152?lang=kk