Қазақстан мен «Jazeera Airways» авиациялық серіктестікте жаңа мүмкіндіктерді талқылауда
20.11.2025 19:40:47 133
Әл-Кувейт, 2025 жылғы 20 қараша – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев «Jazeera Airways» әуекомпаниясының бас директоры Барасан Пасупатимен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы азаматтық авиациядағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін, сондай-ақ оның одан әрі даму перспективаларын талқылады. «Jazeera Airways» орындайтын Әл-Кувейт–Алматы тікелей әуе рейсінің жұмысына ерекше назар аударылды. Елші мен компания өкілдері ағымдағы жолаушылар ағынының, рейстердің жүктелу динамикасының және екі ел азаматтарының сұранысына әсер ететін факторлардың бағаларымен алмасты.
Кездесу барысында орындалатын рейстердің жиілігін арттыру, оның ішінде авиакомпанияның жүк әлеуетін кеңейту мүмкіндігі қарастырылды. Тараптар бұл агроөнеркәсіптік кешен тауарларын қоса алғанда, Кувейтке қазақстандық өнім экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу аясында Қазақстан мен Кувейт арасындағы әуе қатынасының жаңа бағыттары қарастырылды. Тараптар екі мемлекет арасындағы іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маршруттық желіні кеңейту әлеуетін зерттеуге өзара қызығушылық білдірді.
Елші Ержан Елекеев Елшіліктің Қазақстанның құзыретті органдарымен одан әрі байланыста жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
2004 жылы Таяу Шығыстағы алғашқы тәуелсіз жеке авиакомпания ретінде құрылған «Jazeera Airways» авиакомпаниясы Кувейттің негізгі тасымалдаушыларының бірі болып табылады. Компанияның басшысы – әйгілі кувейттік кәсіпкер және BoodaiCorp тобының жетекшісі Marwan Marzouk Boodai. Авиакомпания Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азия, Африка және Еуропа елдерінде 60-тан астам бағыт бойынша тұрақты рейстерді орындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1109394?lang=kk