Алматы облысының әкімі Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады

Алматы облысының әкімі Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады

21.11.2025 16:50:36 68

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті. 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады. Бұл ретте инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті. Пул 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды. Қазіргі уақытта құны 1 трлн теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, АӨК, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары.

Жалпы ауданы 97,9 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі Аlatau АЭА құру жұмыстары жүргізілуде. Оның 24 мың гектардан астамы қала сыртында орналасқан және АӨК өнімдерін қайта өңдеудегі маңызды жобаларды қамтиды. Осы өндіріс орындарына кепілдіктерді сақтау және жаңа кәсіпорындарды іске қосу мақсатында жаңа өнеркәсіптік-логистикалық АЭА құру жөніндегі әкімдіктің ұсыныстары қаралды. Болашақта бұл Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етеді.

Бас жоспарды жүзеге асыру аясында Алатаудың сәулет келбеті мен заманауи қала құрылысына қатысты шешімдерге ерекше назар аударылды. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic building іскерлік орталығының көрнекті ғимараты құрылысын қамтитын, Gate District ауданында жаңа іскерлік ауданды дамыту жөніндегі жобаны таныстырды. Биылғы қыркүйек айында Мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында аталған жоба бойынша үшжақты келісімге қол жеткізілді.

Жалпы, Алатауда тұрғын үй құрылысы қазіргі таңда оң қарқын көрсетіп отыр. Биыл 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықаралық сарапшыларды тарту және әлемнің жетекші мегаполистері тәжірибесін зерделеу арқылы қаланың дизайн-коды және кешенді көлік схемасы әзірленуде.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы облысы әкімдігіне жұмыстарды жеделдету және сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1110103?lang=kk