Брюссельде Қазақ мәдени орталығы ашылды

Брюссельде Қазақ мәдени орталығы ашылды

24.11.2025 08:00:34 34

Брюссель, 2025 жылғы 23 қараша - Бельгия астанасында шетелде тұратын отандастарды қолдауға және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа алаң - Қазақ мәдени орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталықта балалар мен ересектер қазақ тілін үйреніп, ұлттық дәстүрлермен танысып, шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, туған елдің мәдениетімен байланысын сақтай алады.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко орталықтың ашылуы мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге серпін беретінін атап өтті:
«Қазақ мәдени орталығының ашылуы шетелде тұратын отандастарымызды қолдаудағы маңызды қадам. Бұл жоба тілімізді, дәстүрімізді және мәдени бірегейлігімізді, әсіресе жастар арасында, сақтауға өз үлесін қосады», – деді.

Орталықты құру бастамасы диаспораның көптен бергі сұранысына жауап ретінде жүзеге асты. Бельгиядағы қазақстандық отбасылармен белсенді жұмыс істеп жүрген жоба жетекшісі Ардақ Молданиязова бұл оқиғаның маңызын келесідей түсіндірді:
«Көптеген ата-аналар балаларының қазақ тілін естіп, ұлттық дәстүрлерді тануға мүмкіндігі аз екенін айтып жүрді. Уақыт өте келе кейбір балалардың өз мәдениетімен байланысы әлсірей бастағаны байқалды. Сондықтан мұндай орталықтың ашылуы өте орынды болды. Енді біздің отбасыларда балалардың тілге және мәдени тамырларына біртіндеп қайта жақындауына жағдай жасайтын орта бар», – деді ол.

Орталықтың ашылу күні балалар қазақ тілінің әліппесімен, дәстүрлі ойындармен, ұлттық музыка аспаптарымен танысты. Қазақстаннан асырап алынған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да үлкен қызығушылық танытты, олар үшін балаларының өз шығу тегін түсінуі ерекше маңызды.

Қазақ мәдени орталығы тұрақты негізде жұмыс істеп, тіл курстарын, шығармашылық студияларды, домбыра сабақтарын, мәдени бағдарламалар мен білім беру бастамаларын ұсынады. Орталық Еуропада тұратын қазақстандықтар үшін маңызды бас қосу орнына айналып, Бельгия мен Қазақстан арасындағы рухани-мәдени көпір болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1110582?lang=kk