В Манчестере состоялся прием в честь Дня Республики Казахстан
24.11.2025 15:21:11 38
Манчестер қаласында Қазақстан Республикасының күні аталып өтті
Манчестер, 22 қараша 2025 ж. — Манчестер қаласында Қазақстан Республикасының күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараны Қазақстанның Манчестер аймағындағы Құрметті консулы Абид Латиф Чохан ұйымдастырды. Қабылдауға Ұлыбритания Парламентінің мүшелері, жергілікті билік өкілдері, өңірлік кеңес мүшелері, іскер топ басшылары, консулдық корпустың және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шара қазақ мәдениетінің элементтерімен айшықталды: қонақтарды қазақтың ұлттық әуендерімен қарсы алды, залда ұлттық кәдесыйлардың шағын көрмесі мен Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуетін танытатын материалдар ұсынылды.
Құрметті қонақтар қатарында Ұлыбритания Парламентінің депутаттары Афзал Хан (Орталық Азия жөніндегі парламенттік топтың мүшесі), Эндрю Гвинн, сондай-ақ Манчестердің орынбасар лорд-мэры Шаукат Али болды.
Манчестердегі консулдық қауымдастық атынан бірнеше елдің бас консулдары қатысты: Манчестер Консулдық қауымдастығының президенті, Румынияның Бас консулы Николетта Теодоровичи; Испанияның Бас консулы Алехандро Поланко Мата; Пәкістанның Бас консулы Имтиаз Гондал; және Ирактың Бас консулы д-р Ваэль әл-Робаай. Сонымен қатар қалалық кеңес мүшелері, жергілікті компания басшылары және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің кеңесшісі Айдар Марденов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Манчестер аймағы арасындағы өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті. Ол сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтты.
Өз сөзінде депутат Афзал Хан: «Тұрақты экономикасы, қолайлы инвестициялық ортасы және стратегиялық орналасуымен Қазақстан Манчестердің іскер топтары үшін кең ауқымды мүмкіндіктер ұсынады. Біздің өңірлер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз.», - деп атап өтті.
Қонақтар Қазақстанның мүддесін таныту мен екіжақты байланыстарды дамытудағы белсенді еңбегі үшін Құрметті консул Абид Латиф Чоханға алғыс білдірді.
Бұл қабылдау Ұлыбританияның саяси және іскер топтары арасында Қазақстанмен әріптестікті дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті. Қатысушылар сауда, инвестиция, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті. Мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жан-жақты әріптестікті тереңдетуге және өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1111109?lang=kk