Қазақстан және Еуропалық Одақ: экономикалық интеграция мен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету

Қазақстан және Еуропалық Одақ: экономикалық интеграция мен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету

25.11.2025 08:10:29 44

Брюссель, 2025 жылғы 24 қараша — ЕО-ның жетекші медиа және сараптамалық алаңдарының бірі Press Club Brussels Europe іргесінде Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі, ҚР-дың ЕО және НАТО жанындағы тұрақты өкілі Роман Василенконың Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығына арналған баяндамасы өтті.

Елші атап өткендей, Қазақстан бұл жаңа буындағы, 29 өзара іс-қимыл саласын қамтитын құжатқа қол қойып, оны ратификациялаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.

Сондай-ақ Астана мен Брюссель арасындағы саяси диалогтың серпінді дамып келе жатқаны атап өтілді: 2024–2025 жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық Кеңес пен Еуропалық Комиссия басшыларымен кездесулері, Самарқандта «Орталық Азия – ЕО» саммитінің өтуі, сондай-ақ алдағы уақытта «Қазақстан – ЕО» Ынтымақтастық кеңесінің сыртқы істер министрлері деңгейіндегі отырысы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын дәлелдейді.

ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сенімді түрде сақтап отыр: 2024 жылғы өзара сауда айналымы 50 млрд. АҚШ доллар шамасында болды, ал тәуелсіздік кезеңінен бері еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд. АҚШ доллардан асты, Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеуде.

Қазақстан Еуропаны энергия ресурстарымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады: ЕО-ның мұнай импортының 13%, уран сұранысының 16% Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар, ел ЕО заңнамасына сәйкес анықталған 34 элементтің 21-ін жеткізу әлеуетіне ие, ал Sarytogan Graphite жобасы ЕО-ның стратегиялық бастамалар тізіміне енгізілді.

Елші Транскаспий халықаралық көлік бағыты – «Орта дәліздің» маңызын ерекше атап өтті. Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық транзиттің 85% қамтамасыз ететін 13 халықаралық көлік дәлізі Қазақстан аумағынан өтеді. Қазақстан көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға 35 млрд. АҚШ доллардан астам инвестиция құйды және 2030 жылға дейін тағы 15 млрд. АҚШ доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Кездесуде парламенттік ынтымақтастық пен гуманитарлық алмасулардағы жетістіктер де сөз болды. Елші ЕО-ға мүше мемлекеттердің Еуропалық комиссияға визалық жеңілдету және реадмиссия келіссөздерін бастауға мандат беру жөніндегі шешімін құптап, оның азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Press Club Brussels Europe-те өткен пікірталас ЕО сараптамалық қауымдастығының Қазақстанға — тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық және жаһандық жеткізу тізбектерін жаңғырту салаларындағы стратегиялық әріптес ретінде қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Бұл іс-шара Қазақстан мен ЕО-ның ортақ мақсаттар мен халықаралық тәртіпті нығайтуға бағытталған болашаққа бағдарланған серіктестігін тағы да растайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1111552?lang=kk