Қостанайда жұмысшы мамандықтар жылына орай «Ел тірегі – еңбек адамы» республикалық патриоттық форумы өтті

Қостанайда жұмысшы мамандықтар жылына орай «Ел тірегі – еңбек адамы» республикалық патриоттық форумы өтті

25.11.2025 09:10:41 57

Қостанай қаласында «Ел тірегі – еңбек адамы» республикалық патриоттық форумы өтті. Бұл шара Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылып, оның мақсаты — еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту, жастар арасында патриоттық құндылықтарды нығайту болды.

Форум бағдарламасы 2025 жылғы 23 қараша күні Қостанай автомобиль көлігі колледжінде өткен «Кәсіпке бағыт – болашаққа жол: техникалық және кәсіптік білімнің рөлі» атты семинардан басталды. Семинарда жұмысшы мамандықтарға қойылатын қазіргі талаптар, дуалды оқыту жүйесін кеңейту және техникалық кадрларды даярлаудағы өзекті мәселелер талқыланды.

Форумның екінші күні, 24 қарашада, қатысушылар Міржақып Дулатұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, кейін «IQOSTANAY» смарт-орталығында негізгі іс-шараға — «Ел тірегі – еңбек адамы» патриоттық форумына жиналды.

Форумда ерекше назар аударылған еңбек династиясы – Кәкімжановтар отбасы. Әулиекөл өңірінің қадірлі азаматы Дәуренбек Қабжанұлы бұрынғы «Тимофеев» кеңшарының озат еңбеккерлерінің бірі болған. Оның ұлы Мадияр әкесінің жолын жалғастырып, жеке шаруа қожалығын ашып, Соснов ауылындағы тұрғындарға жұмыс беріп, жергілікті қоғамға үлес қосты. Ал Шыңғыс әулеттің үшінші буыны ретінде ауыл шаруашылығы саласында кәсіби шеберлігін көрсетіп, облыстық және республикалық конкурстардың жеңімпазы атанды. Форумда Шыңғыстың еңбегі ерекше атап өтіліп, марапатты оған ҚР Еңбек Ері Сайран Бұқанов табыс етті.

Сондай-ақ форумға арнайы келген қонақтардың бірі — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков болды. Ол еңбек жолын колледжде өндірістік оқыту шебері болып бастаған, кейін түрлі жетекшілік қызметтер атқарған тәжірибелі маман. Форумда депутат өңірлік университеттің биология және химия кафедрасының оқытушысы Елена Симанчукты марапаттады. Елена Александровна өз сөзінде патриотизм нақты іспен көрінетінін, ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды енгізудің ел экономикасына қосқан үлесін атап өтті. Ол студенттердің білімін тек теориямен шектемей, практикалық тәжірибе арқылы жетілдірудің маңыздылығын да ерекше атады.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бахытжан Нарымбетов қатысушыларды құттықтап, форумның маңыздылығын атап өтті:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылын жариялай отырып, еңбектің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қостанай өңірі қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік орталыққа айналып отыр. Жаңа кәсіпорындар, соның ішінде жоғары технологиялық KIA зауыты ашылды, құрғақ порт пен логистика дамып, аймақтың халықаралық маңыздылығы артты.
Бүгінде өңірде 22 мыңнан астам жас техникалық және жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, олардың көпшілігі тәжірибені өндіріс орнында жинақтап отыр. Бұл білікті мамандарды даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Қадірлі жастар! Сіздер — елдің болашағын қалыптастыратын мамандарсыздар. Адал еңбек — абырой, ал абырой — болашаққа жетелейтін баспалдақ. Сіздерге зор табыс, үлкен жетістіктер тілеймін!»

Форумға Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан жас мамандар мен тәжірибелі оқытушылар қатысты. Іс-шара қатысушыларға тәжірибе алмасу, кәсіби мәселелерді талқылау және өңірлік кадрлық әлеуетті нығайту мүмкіндігін берді.

Форум, еңбек, кәсіби шеберлік және патриоттық құндылықтарды насихаттай отырып, жастарды болашаққа дайындайтын алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1111593?lang=kk