Казахстан и Оман расширяют сотрудничество в сфере здравоохранения
26.11.2025 08:00:35 10
Масқат, 2025 жылғы 25 қараша - Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматов Оман Сұлтандығының Денсаулық сақтау министрі Хилал Әл-Сабтимен кездесті.
Кездесу барысында А.Тұматов денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Ол жыл сайын Қазақстанға емделу, медициналық қызмет алу және санаторий-курорттық оңалту үшін келетін омандық азаматтардың саны артып келе жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде министр Хилал Әл-Сабти медициналық саладағы әріптестікті кеңейтуге мүдделілік танытты. Ол 2017 жылы Астанаға жасаған сапарын жылы еске алып, елордалық кардиоорталықтың жұмысымен танысу кезінде қазақстандық хирургтардың жоғары кәсіби деңгейі мен кардиохирургияның қарқынды дамуын ерекше атап өтті.
Тараптар дәрі-дәрмек өндірісі, сондай-ақ ауруларды диагностикалау мен емдеуде радиоактивті изотоптарды қолданатын ядролық медицина жүйелерін енгізу бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Министр бұл бағыттағы қазақстандық тәжірибе мен әзірлемелерге қызығушылық танытты.
Кездесу соңында Елші Оман Денсаулық сақтау министрлігін 2025 жылғы 2 желтоқсанда өтетін Бірінші Үкіметаралық комиссияның жұмысына қатысуға шақырды. Комиссия аясында екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер қарастырылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1112462?lang=kk