Салық төлеуші-заңды тұлғаларды тарату кезіндегі салықтық берешекті өтеу

Салық төлеуші-заңды тұлғаларды тарату кезіндегі салықтық берешекті өтеу

26.11.2025 11:40:52 7

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 31 қазандағы № 654 «Салық төлеушілердің таратылуы, қайта ұйымдастырылуы және қызметін тоқтатуы кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығының (бұдан әрі – 654-бұйрық) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес еместігі туралы жарияланым орналастырылды.

654-бұйрық Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 74-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатында қабылданды (Салық төлеушілердің (салық агенттерінің), оның ішінде жекелеген санаттағы салық төлеушілердің салықтық міндеттемені тарату, қайта ұйымдастыру және қызметті тоқтату кезінде орындау тәртібі, қызметті тоқтату кезіндегі салықтық міндеттемені орындаудың жеңілдетілген тәртібі, сондай-ақ салық төлеушілерді жекелеген санаттарға жатқызу шарттары уәкілетті органмен айқындалады).

Жарияланымда 654-бұйрықтың 6-тармағының заңнамаға қайшылығы туралы көрсетілген (егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкі салықтық берешекті толық көлемде өтеуге жеткіліксіз болса, қалған бөлігі Салық кодексінің 183-бабының 5-тармағына сәйкес тәртіппен көзделген жағдайларда таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) есебінен өтеледі).

Салық кодексінің 183-бабының 5-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 701 «Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуға байланысты кейбір мәселелер туралы» бұйрығы (бұдан әрі – 701-бұйрық) қабылданды, онымен салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу қағидалары бекітілген.

701-бұйрықпен Салық кодексінде белгіленген тәсілдер мен шараларды қолдану арқылы салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі айқындалды.

Осылайша, 701-бұйрықта көзделген барлық шаралар қабылданғаннан кейін борышкер-салық төлеуші салықтық берешекті өтемеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес оны банкрот деп тану бойынша шаралар қабылдауға құқылы.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында құрылтайшының (қатысушының) субсидиарлық (бірлескен) жауаптылығы көзделген жағдайлар бар.

Анықтама үшін:

– Қасақана банкроттық үшін кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды тұлға;

– Дебитор мүлкін бастапқы сатып алушының құнын өтеу мүмкін болмаған жағдайда, мүлікті иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға;

– Банкроттық жөніндегі басқарушыға ЖШС-нің құрылтай құжаттарын тапсырмаған жағдайда;

– Ликвидация туралы шешім қабылданған кезде мүлік берешекті өтеуге жеткіліксіз болса және сотқа оны банкрот деп тану туралы жүгінбеген жағдайда.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нормаларында заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша құрылтайшының (қатысушының) жауаптылығы Азаматтық кодексте, өзге заңнамалық актілерде немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайларда туындайтыны (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 44-бабы) атап өтіледі.

Азаматтық заңнаманың бұл нормалары Салық кодексінің 75-бабы 3-тармағының ережелеріне толық сәйкес келеді.

Бұл ретте, Салық кодексінің 75-бабының 3-тармағында таратылатын салық төлеушінің мүлкі салықтық берешекті толық өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда, қалған бөлігі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда таратылатын салық төлеушінің құрылтайшыларымен (қатысушыларымен) өтелетіні көзделген.

Дәл осындай нормалар қолданыстағы Салық кодексінде де бар (58-баптың 7-тармағы, 59-баптың 9-тармағы).

Осылайша, 654-бұйрық мемлекеттік кірістер органдарының борышкер-салық төлеушілердің меншік иелерінен мүлкін өндіріп алу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтпейді және тек Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда тиісті борышкерлердің жауапкершілігі шегінде қолданылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1112763?lang=kk