Жаһандық маркетплейстердің Мемлекеттік кірістер комитетімен өзара іс-қимылы
28.11.2025 12:20:38 108
2025 жылғы 17–21 қараша аралығында Қытай Халық Республикасында электрондық сауданы дамытуға, цифрлық интеграцияға және жаһандық трансформация жағдайында салықтық және кедендік әкімшілендіру тетіктерін жетілдіруге арналған халықаралық конференция өтті. Аталған конференцияға Қазақстан тарапынан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төраға орынбасары Сеилжан Ахметовтың басшылығымен өтті.
Бағдарлама аясында 1688, Alibaba International Digital Commerce Group, Pinduoduo, Taobao және TEMU секілді әлемдегі ірі электрондық коммерция интернет-платформаларымен келіссөздер өткізілді. Кездесулер барысында қазақстандық тарап 2026 жылдан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін таныстырды. Ерекше назар шетелдік онлайн-платформалардың қызметіне тікелей қатысты нормаларға аударылды:
- ҚҚС мөлшерлемесін 16 %-ға дейін арттыру,
- шетелдік интернет-платформаларды шартты тіркеу қағидалары,
- ҚҚС әкімшілендіру тетіктері,
- деректер алмасу талаптары.
Комитет өкілдері электрондық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, заңнаманы сақтау және салықтық тәуекелдерді барынша азайту бойынша Қазақстанның тәсілдерін жан-жақты түсіндірді.
Бөлек бөлім ретінде шетелдік интернет-платформалардың Қазақстан нарығындағы дамуының перспективалары, сондай-ақ қазақстандық сатушылардың халықаралық электрондық саудаға қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды. Ғаламдық компаниялар ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық жеткізушілерді өз экожүйелеріне тартуға мүдделілік танытты.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша шетелдік интернет-платформалар Қазақстан Республикасы бюджетіне 55,7 млрд теңге көлемінде түсім қамтамасыз етті, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (32 млрд теңге) 23 млрд теңгеге артық. Бұл өсім ашықтықтың артуын, салықтық әкімшілендіру деңгейінің жоғарылауын және трансшекаралық цифрлық сауданың дамуын көрсетеді.
Келіссөздер барысында тауарлар туралы алдын ала ақпаратты беру мәселелеріне және пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу мен логистикалық процестерді оңтайландыру үшін қажетті мәліметтер құрамына қойылатын талаптарға ерекше көңіл бөлінді.
Делегация құрамына сондай-ақ Комитетке ведомстволық бағынысты ұйым – деректер алмасу және ақпараттық жүйелерді интеграциялау саласындағы цифрлық шешімдерді дамытуға жауапты «Digital Silk Road Company» ЖШС қатысты.
Жұмыс сапары әлемнің жетекші интернет-платформаларымен өзара іс-қимылды нығайтуға, өзекті ақпарат алмасуға және цифрлық сауданы дамыту бойынша одан арғы шараларды келісуге мүмкіндік берді. Сапардың нәтижелері салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, операциялардың ашықтығын арттыру және Қазақстан Республикасында электрондық коммерцияның бәсекеге қабілетті экожүйесін қалыптастыру үшін маңызды мәнге ие.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1114837?lang=kk