Іскерлік миссиялар мен білім беру жобалары Каталониямен күн тәртіпте
28.11.2025 15:52:20 107
Барселона, 2025 жылғы 25-26 қараша – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаевтың Каталония автономдық қауымдастығына сапары орын алды.
Сапар басында Каталония Үкіметінің (Женералитет) басшылық құрамымен кездесу өтті. Бас хатшы Х.Вильямайормен, Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Ж.Дукпен және Жоғарғы оқу орын мен білім беру жөніндегі Бас хатшы О.Эскардибулмен өткен келіссөздер барысында өңірмен экономикалық және білім салаларындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.
Каталония кәсіпкерлер қауымдастығымен (FemCAT) өткен кездесуде аумақ компаниялардың Қазақстанға инвестиция мен технология тарту маңыздылығы атап өтілді. Тараптар білім беру және цифрландыру бағыттарындағы бірлескен жобалар мүмкіндігін жеке қарастырды.
Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – Барселонаның Туризм, қонақжайлық және гастрономия университетімен ынтымақтастық орнатуға қол жеткізілуі болды.
Сапардың негізгі іс-шарасы «FOMENT» – Каталонияның жетекші іскерлік қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырылған бизнес-форум болды. Ашылу рәсімінде Елші еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер, бизнес-климатты жақсарту жөніндегі жұмыстар туралы айтып, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын Транскаспий көлік дәлізі арқылы транзиттік тасымалдаудағы өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, «KAZAKH INVEST» ҰК АҚ шетелдегі өкілі А.Мұқанова Республикамыздың инвестициялық әлеуеті туралы презентация жасады, ал «Roca Group» Бас атқарушы директоры А.Магранс және «Glovo» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры К.Силван қазақстандық нарықтағы табысты жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, каталондық бизнес өкілдерінің Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша 2026 ж. өңір компанияларының Қазақстанға іскерлік миссиясын ұйымдастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Іс-шара қарсаңында Д.Мұсаев жергілікті «ETV» телеарнасына сұхбат берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1115056?lang=kk