Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Астана мен Сеул зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

28.11.2025 15:52:23 90

Сеул, 2025 жылғы 20 қараша – Сеул қаласында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Төрайымы Шолпан Абдреева мен Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі Мок Сонхоның екіжақты кездесуі өтті.

Кездесуге қатысқан Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Корея Республикасы 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жағынан үш ірі инвестордың қатарына кіретінін атап өтті. Ол сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесін дамыту инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды бөлігі екенін ерекше атап өтті. Самсунг, KIA және басқа да корейлік инвесторлардың Қазақстандағы ірі жобалары айтылып, олардың барлығы үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселесі шешуші мәнге ие екені баса көрсетілді.

Өз кезегінде Шолпан Абдреева корей тарапын Кореяның Зияткерлік меншік жөніндегі әкімшілігінің Зияткерлік меншік министрлігі болып қайта құрылуымен құттықтап, бұл қадам Корея Республикасының заманауи және инновациялық зияткерлік меншік жүйесін қалыптастыру жөніндегі саясатының стратегиялық сипатын дәлелдейтінін атап өтті.

Корея Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі вице-министрі патенттік өтінімдер саны бойынша Қазақстан өңірде жетекші орын алатынын, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемінің өсу әлеуеті жоғары екенін айтты. Осыған байланысты ол зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық кооперацияны дамыту үшін маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

Тараптар цифрлық ортада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін корей компанияларының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жолдары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан-корей ынтымақтастығын кеңейтуге, цифрлық ортадағы бірлескен жобаларды дамытуға, кадрларды даярлау және құқық иеленушілерді қолдау бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендігін растады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1115039?lang=kk