ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою
28.11.2025 18:20:38 36
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою18 шілде күні жаңа Салық кодексі қабылданды. Онда қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеу есебіне қою тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер көзделген.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Күнтізбелік жыл ішінде айналымы шекті мөлшерден асқан салық төлеушілер ҚҚС төлеуші ретінде міндетті түрде тіркеу есебіне қойылады. 2026 жылдан бастап шекті айналым мөлшері 10 000 АЕК ~ 43 млн теңге (2026 жылғы АЕК – 4 325 теңге) болады.
Бұл талап тек жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін салық төлеушілерге қатысты.
ҚҚС тіркеу есебіне міндетті түрде қоюдан босатылғандар: мемлекеттік мекемелер, филиалдар,жекеше тәжірибемен айналысатын адамдар (адвокаттар, ЖСО, нотариустар, кәсіби медиаторлар),арнайы салық режимдерін қолданатын барлық салық төлеушілер;жеке кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғалар.
Сонымен қатар, айналымы 43 млн теңгеден аспайтын салық төлеушілер де ҚҚС тіркеу есебіне қоюдан босатылады.
Тіркеу тәртібі ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш шекті айналым мөлшерінен асқан күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс.
Егер мәміле шекті мөлшерден асып кететін болса, салық төлеуші өтінішті мәмілені жүзеге асырғанға дейін ұсынуы қажет.
Өтініш берудің 2 тәсілі бар: электронды түрде; қағаз жеткізгіште, келіп тапсыру арқылы.
Жауапкершілік ҚҚС бойынша тіркеуге қою мерзімін бұзғаны үшін салық төлеуші ӘҚБтК-нің 269-бабының 3-бөлігі бойынша (50 АЕК) әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал тіркелмеген кезеңде айналым жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігімен айналым сомасының 15%-ы мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
ҚҚС тіркеу есебінен шығару ҚҚС төлеушісі тіркеу есебінен тек екі жағдайда шығарылады:
- жалпыға бірдей тәртіптен арнайы салық режиміне ауысқан кезде;
- қызметін тоқтату немесе тарату кезінде.
2026 жылдан бастап айналымның ең төменгі мөлшеріне қол жеткізбеу себебімен ерікті түрде ҚҚС тіркеу есебінен шығару қарастырылмағанын назарға саламыз.
Салықтық тіркеуді сақтау мониторингі ҚҚС бойынша міндетті тіркеу талабын бұзған салық төлеушілерге қатысты салықтық тіркеуді сақтау бойынша мониторинг жүргізілетін болады.
Бұл бақылау шарасы тек ҚҚС тіркеуіне ғана емес, жеке кәсіпкерлерге, жекеше тәжірибемен айналысатын тұлғаларға және жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілерге қатысты қолданылады. Бұзушылық анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.
Хабарламаны орындау мерзімі — 30 жұмыс күні.
Салық төлеушілерге ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы шекті айналымға жақындау жөнінде жүйелі түрде ескерту жіберіп отырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1115463?lang=kk