Мексикалық бизнес-қоғамдастыққа Қазақстанның инвестициялық және іскерлік мүмкіндіктері таныстырылды
01.12.2025 09:00:26 102
Мехико, 2025 жылғы 27 қараша – Мексикадағы Қазақстан Республикасының Елшілігі «Қазақстан: жаңа кезеңдегі мүмкіндіктер мен өсу мекені» атты Қазақстан-Мексика бизнес-форумын ұйымдастырып, оның аясында мексикалық іскер топтарға Қазақстандағы негізгі инвестициялық мүмкіндіктер мен бизнесті жүргізу шарттары ұсынылды.
Форумға Мексиканың жетекші компанияларының өкілдері, сауда-өнеркәсіп палаталары, Мексика Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Мехико қаласы мен Мехико штатының әкімдіктері және БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков құттықтау сөзімен ашты. Ол еліміздің Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы және тұрақты өсім орталығы ретіндегі орны нығайып келе жатқанын, өңірдегі шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамы Қазақстанға тиесілі екенін атап өтті. Елші Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін айтып, мексикалық кәсіпкерлерді қазақстандық әріптестермен тікелей байланыс орнатуға шақырды.
Кіріспе сөзін Мехико қаласы мен Мехико штаты бойынша Қазақстанның Құрметті консулы, Мексиканың «CANACINTRA» атты Ұлттық қайта өңдеу өнеркәсібі және трансформация палатасының Вице-президенті Карлос Баррера да жолдап, мексикалық бизнес өкілдерінің Қазақстан нарығын игеруге және бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Форум барысында Қазақстанның негізгі инвестициялық және іскерлік мүмкіндіктеріне арналған жан-жақты таныстырылымды Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің Кеңесшісі Ерлан Құбашев жасады. Ол шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда ең қолайлы жағдайлардың бірі жасалғанын және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ел өңірде алдыңғы орында тұрғанын атап өтті. Қатысушыларға Қазақстан Үкіметінің инвестициялық климатты жақсарту, бизнес ортасы мен салық саясатын жетілдіру бағытындағы шаралары туралы да ақпарат берілді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді.
Қазақстанның IT-экожүйесінің дамуына қатысты презентация іс-шараның маңызды бөлігінің бірі болды. Оның ішінде Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық хаб Astana Hub қызметі, сондай-ақ аталған инкубатордан Еуропа, Азия және Америка нарықтарына шыққан стартаптардың жетістіктері таныстырылды.
Қазақстандық IT-шешімдерді ілгерілету мақсатында форумға Biometric Vision (биометриялық идентификация) және Cybernet-AI (жасанды интеллект негізіндегі дауыстық роботтар) компаниялары қатысып, өз өнімдерін таныстырды. Олар Telmex, Pagacel, Schiller Americas-Mexico, Lendswap, Loaney, Vivus, AMARANTE, Alvos, Alamex, Bamboo Group және басқа да Мексиканың жетекші компания өкілдерімен пікір алмасты.
Форум қорытындысын бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын талқылап, инновациялар, жасанды интеллект, цифрлық трансформация, телекоммуникациялар және қаржы салаларында ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1115748?lang=kk