Қазақстанның туристік әлеуеті Исламабадтағы Global Destinations Expo 2025 көрмесінде таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Исламабадтағы Global Destinations Expo 2025 көрмесінде таныстырылды

02.12.2025 12:00:28 222

Исламабад, 2025 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі «Discover Pakistan» жетекші телеарнасы және Туризмді дамыту корпорациясы (PTDC) бірлесіп ұйымдастырған Global Destinations Expo 2025 туристік көрмесіне қатысты.

Көрме Орталық Азия, Еуропа, Африка және Таяу Шығыс елдерінің дипломатиялық корпус өкілдерін, сондай-ақ Пәкістанның туристік индустриясын бір алаңға тоғыстырды.

Қазақстан павильонында еліміздің туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық материалдар, оның ішінде буклеттер мен тақырыптық әдебиеттер ұсынылды. Қонақтарға Қазақстанның көрікті жерлері, табиғаты, тарихи нысандары және танымал туристік бағыттары туралы бейнероликтер көрсетілді.

Бұдан бөлек, Елшілік қазақтың ұлттық тағамдарының үлгілерін және дәстүрлі ою-өрнектермен безендірілген кәдесый өнімдерін ұсынды, бұл көрме қатысушыларының айрықша қызығушылығын тудырды.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның туристік әлеуетін жоғары бағалап, елімізді пәкістандық туристер үшін болашағы зор бағыт ретінде атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1117014?lang=kk