Шымкентте үлкен жылыжай кешенінің құрылысы басталды.
02.12.2025 21:58:51 111
Шымкентте тағы бір ірі жылыжай кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Польшаның «Фабе-Агро» компаниясының басшылығымен бірге құны 137 миллион доллар болатын жобаның іске қосылуына арналған капсула салу рәсіміне қатысты.
Жоба Мәртөбе тұрғын алабында жүзеге асырылуда. Жылыжай кешенінің жалпы ауданы 144 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылымды орнату және құрылыс алаңын дайындау жұмыстары басталды. Нысан іске қосылғаннан кейін жыл сайын 36 000 тоннаға дейін көкөніс өндіріп, 1 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жоба Шымкенттің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Ол жаңа жылыжай кешені өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартып, жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
"Шымкентте тағы бір экономикалық маңызы бар жоба басталып жатыр. Өздеріңізге белгілі, түрік инвесторларының жылыжай кешені алғашқы өнімін беріп үлгерді. Бұл екі ірі жоба қаланың ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосып, салаға тың серпін береді", - деді Ғ.Сыздықбеков.
Мамандар да жаңа жобаның өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін айтарлықтай арттыратынына сенімді. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Меқамбаевтың айтуынша, инвесторлар жобаны 2025-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырып, қызанақ пен қиярды нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Қазақстандағы ірі жылыжай кешендерінің жартысынан астамы Шымкентте орналасқан.
Бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыру Шымкенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыруға айтарлықтай септігін тигізеді. Сондай-ақ, заманауи жылыжай технологияларын енгізу тұрғындарды жыл бойына жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз ете отырып, өнімділік пен өнім сапасын айтарлықтай арттырады.