Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі түркі мемлекеттері мен Мажарстан арасындағы негізгі құқықтар саласындағы ынтымақтастықты бейнелейтін ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты
03.12.2025 08:01:22 106
Семенье (Мажарстан), 2025 жылғы 28 қараша - Түркі мемлекеттері мен Мажарстанның негізгі құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастығын бейнелейтін Мемориалдың ресми ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушысы - Мажарстан Конституциялық сотының судьясы, бұрынғы адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Акош Козма.
Рәсімге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің елшілері, Мажарстан Энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Жолт Немет, сондай-ақ «Szombathely Forestry Ltd.» компаниясының өкілдері қатысты.
Анықтама: Ескерткіш - биіктігі төрт метрлік емен колоннасынан тұрады. Оның бетіне дәстүрлі түркі өрнектері ойылып салынған. Композицияның жоғарғы бөлігін күннің, биліктің, қуат пен тәңірліктің нышаны саналатын алтын түсті қабыршақты тақтайшаны елестететін жылтыр мыс элементі толықтырады. Ал колоннаны біріктіріп тұрған екі элемент - өмірдің бастауы әрі жердің тіршілігін бейнелейтін су көзінің символдық образын көрсетеді.
Ескерткіштің айналасына түркі мемлекеттерін және Мажарстанды бейнелейтін ағаштар отырғызылды:
Түркияны - кәдімгі емен, Әзербайжанды - анар ағашы, Түрікменстанды - грек аршасы, Өзбекстанды - шығыс чанары, Қырғызстанды - қара тұт, Қазақстанды - шығыс шыршасы, Мажарстанды - мажар емені таныстырады.
Іс-шараны аша отырып, Акош Козма Мемориалдың символдық маңызын, сондай-ақ 2023 жылы Мажарстанда өткен түркітілдес мемлекеттер омбудсмендерінің кездесуінде басталған бастамалардың жалғастығын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ескерткіш алаңы диалог, достық және ортақ құндылықтарды нығайтудың кеңістігіне айналады.
Одан кейін Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елшілері, сондай-ақ Мажарстандағы Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдігінің өкілі сөз сөйледі.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы рәсімді ұйымдастырғаны үшін мажар тарапына ризашылығын білдіріп, ашылып отырған Мемориал Түркі мемлекеттері мен Мажарстан арасындағы берік байланыстарды, ортақ құндылықтар мен құқықтық-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысты айқын бейнелейтігін атап өтті. Сондай-ақ ол Акош Козманың Қазақстанға бірнеше рет сапар жасап, кәсіби байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде Елші қазақ-мажар қатынастарының оң қарқынды дамуын атап өтіп, келесі жоғары деңгейдегі сапарларды еске салды: Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға сапары (2023 ж.); Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға мемлекеттік сапары (2024 ж.); 2025 жылғы кездесулер: Қазақстан Президентінің Мажарстанда өткен ОТМ бейресми саммитіне қатысуы және Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың Астанаға ресми сапары. Парламентаралық ынтымақтастық та белсенді түрде жалғасуда: ҚР Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Будапештке сапары (2024 ж.); Мажарстан Мемлекеттік Жиналысының Төрағасы Ласло Кёвердің Астанаға жауап сапары (2025 ж.). Сонымен қатар, Мажарстан Куриясының Төрағасы Андраш Варганың шақыруымен 2025 жылғы қазанда Қазақстан Жоғарғы сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев бастаған делегация Будапештке барды.
Іс-шараның қорытындысында Елші негізгі құқықтар саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды гуманитарлық тірегі болып табылатынын атап өтіп, Мемориал екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетудің тағы бір маңызды қадамы болатынына сенім білдірді.
Рәсім дәстүрлі лента қиюмен, мажар музыканттарының флейта мен тарогато аспаптарында орындаған әуендерімен, сондай-ақ сұңқармен аң аулау көрсетілімімен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1117596?lang=kk