Қазақстан басты назарда:Германиямен медиа және сараптамалық ынтымақтастық

Қазақстан басты назарда:Германиямен медиа және сараптамалық ынтымақтастық

03.12.2025 08:30:46 139

Берлин, 2025 жылғы 2 желтоқсан – Германияда «Қазақстан туралы медиа және сараптамалық коммуникация: диалог және сенім» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) 45-отырысы өтті. Іс-шараға саяси және іскер топтардың өкілдері, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ қазақстандық және германдық бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Отырыс барысында сенімді нығайту, сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейту және Қазақстан мен Германия арасындағы коммуникация сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Еуропа тарапынан әлемнің тоғызыншы ең үлкен елі Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге деген өсіп келе жатқан қызығушылық атап өтілді.

Кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов соңғы жылдары елімізде мемлекеттік басқару жүйесі кешенді түрде жаңғыртылғанын, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілгенін атап өтті. Бұл өзгерістер ел ішінде де, халықаралық қоғамдастық тарапынан да сенімнің артуына ықпал еткенін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі белсенді әрі жауапты қатысушы ретінде орнықты позициясын күшейтіп келе жатқанын, конструктивті диалог пен өзара іс-қимылға ашық екенін жеткізді.

Бундестаг депутаты, «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы Кристиан Гёрке өз сөзінде кәсіби және сараптамалық байланыстарды нығайту екі ел арасындағы сенімді тереңдетуге және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға септігін тигізетінін атап өтті.

Негізгі баяндаманы «diplo.news» медиаплатформасының негізін қалаушы, танымал журналист Эвальд Кёниг жасады. Ол қазіргі коммуникациялық үрдістерге шолу жасап, неміс БАҚ-тарының Қазақстан жөніндегі жарияланымдарына талдау ұсынды. Сондай-ақ еуропалық журналистер мен сарапшылардың Қазақстандағы саяси жаңғыртуға, еліміздің өңірлік және халықаралық рөліне, сондай-ақ ашықтық пен сындарлы диалогты кеңейтуге бағытталған шараларға қызығушылығы артып отырғанын атап өтті.

Панелдік пікірталасқа Қазақстан мен Германияның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сарапшылар медиа және сараптамалық ынтымақтастықты дамыту тетіктерін, сенімді нығайтудағы журналистиканың рөлін және Қазақстандағы саяси, экономикалық және қоғамдық үдерістерді объективті ақпараттандырудың маңызын талқылады.

Отырыс қорытындысында қатысушылар Қазақстанның диалог пен халықаралық әріптестікке ашық мемлекет ретіндегі ұстанымын жүйелі түрде нығайтып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің сараптамалық және медиа қауымдастықтары арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге дайын екендерін білдірді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1117605?lang=kk