Түркияның Тракия өңірінен ел экономикасына 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция күтілуде
03.12.2025 12:30:33 112
Чанаккале-Текирдағ, 2025 жылғы 27-28 қараша – Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Эдирне, Кыркларелі, Чанаккале және Текирдағ провинцияларына 2025 жылғы 20-21, 27-28 қарашадағы іссапары аясында өңірдің ең ірі 12 компания басшыларымен Қазақстан экономикасының басым бағыттарына инвестициялар салу мүмкіндіктерін талқылау мақсатында екіжақты кездесулер өткізді.
Түрік компаниялары еліміздің инвестициялық әлеуетіне айтарлықтай қызығушылық танытып, өсімдік майы, балық өнімдері, косметика, құрылыс материалдары және сүт өнімдерінің өндірісі сияқты жаңа жобаларды пысықтауға ниет білдірді.
Бас консул аталған провинциялардың губернаторларымен кездесу барысында Тракия өңірімен инвестиция және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Сапар аясында Эдирне, Кыркларелі, Чанаккале, Текирдағ полиция және көші-қон басқарма басшыларымен кездесіп, Тракия өңірінде өмір сүріп жатқан Қазақстан азаматтары мен азаматшаларына Түркиядағы құқықтарымен ережелерді насихаттау жұмыстарын бірге жүргізуге уағдаласты.
Сонымен қатар, аталған провинцияларда орналасқан университеттердің ректорлары және осы оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Жоғары оқу орындарының басшылығы қазақстандық студенттердің білімге деген ерекше құлшыныстарын атап өтіп, Қазақстанмен қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға ниетті екенін білдірді.
Өз кезегінде Тракия өңірінде білім алып жатқан жастар Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін кеңінен таныту мақсатында түрлі іс-шараларды тұрақты негізде өткізетінін айтып, қазіргі таңда сапалы білім алуға мүдделі екендерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-istanbul/press/news/details/1117932?lang=kk