Будапештте ТМҰ диаспора институттары басшыларының отырысы өтті
04.12.2025 12:40:46 103Будапешт, 2025 жылғы 2 желтоқсан - Мажарстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және бақылаушы елдердің диаспора мәселелеріне жауапты министрлері мен меморган басшыларының 7-отырысы өтті.
Бұл жиын - ТМҰ аясында Мажарстанда алғаш рет ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі диаспоралық іс-шара болды. Кездесу Мажарстанның шетелдегі мажар қауымдастықтары жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лёринц Начтың қонақжайлығымен өтті. Қазақстан тарапынан шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Данияр Қадыров және Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің атынан Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға ТМҰ Бас хатшысы Құбанычбек Омуралиев және ТМҰ-ның Будапешттегі кеңсесінің атқарушы директоры Балаж Хендрих қатысты.
Отандастар қоры президенті Данияр Қадыров өз сөзінде диаспоралармен жұмыс істеудің гуманитарлық дипломатияның маңызды бағытына айналғанын атап өтті. Ғаламдық өзгерістер жағдайында диаспоралардың елдер арасындағы көпір ретіндегі рөлі артып келеді.
Қор басшысы «Отандастар» қызметінің басым бағыттарының бірі - шетелдегі этникалық қазақтармен және отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, дамыту екенін атап өтті. Сонымен қатар ол 2025 жылдың маңызды оқиғаларының бірі - 21 қараша күні Астанада өткен «Otandas Scholars Forum» атты ғалым-отандастар форумын атап өтті. Аталған іс-шараға 40-тан астам шетелдік ғалым және 100-ге жуық қазақстандық зерттеушілер қатысып, интеллектуалды диаспорамен ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық байланыстарды дамытуға серпін берді.
Отырыс барысында түркі мемлекеттерінің диаспора құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар диаспора институттарының ынтымақтастығын нығайту, жастар бағдарламалары мен стипендиялық бастамаларды дамыту, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық жобаларды кеңейту жөнінде уағдаласты. Мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейту мен тәжірибе алмасуды жүйелі түрде дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар тараптар 2026 жылға арналған диаспора күн тәртібі бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын мақұлдады.
Онда: ведомствоаралық үйлестіруді тереңдету; жастар бастамаларын дамыту және жас отандастардың қатысуын арттыру; бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру; ТМҰ елдерінің жастарына арналған академиялық және білім беру мүмкіндіктерін кеңейту шаралары көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1118891?lang=kk