Туризм және серіктестік: Қазақстан Финляндияда өз мүмкіндіктерін таныстырды
04.12.2025 14:51:17 98
Хельсинки, 2025 жылғы 4 желтоқсан - Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде еліміздің туристік әлеуетіне арналған презентация өтті. Іс-шара фин қоғамдастығын Қазақстанның бай табиғаты, мәдени мұрасы және қарқынды дамуы жөнінде кеңінен таныстыру алаңына айналды.
Презентация барысында туризм Қазақстан мен Финляндия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды салаларының бірі екені атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстанда туристік саланы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарына енетіні және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ашықтықты кеңейтуге, мәдени дипломатияны нығайтуға және орнықты экономикалық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған саяси бағытымен үндесетіні ерекше назарға алынды. Сонымен қатар екі ел арасындағы өзара туристік ағынды арттырудың, туристік және білім беру ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңызы атап көрсетілді.
Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстанның негізгі туристік бағыттары таныстырылды: заманауи қалалар мен іскерлік туризм орталықтарынан бастап Ұлы Жібек жолының мәдени мұра нысандарына дейін. Сондай-ақ елдің бірегей туристік өнімін қалыптастыратын табиғи көрікті жерлерге – таулы бағыттарға, ұлттық парктерге, дала ландшафттарына және мөлдір таза көлдерге ерекше көңіл бөлінді.
Презентацияға бизнес, Финляндияның жетекші университеттерінің өкілдері мен студенттері, сондай-ақ туристік контент пен халықаралық шолуларға маманданған блогерлер мен медиа-коммуникаторлар қатысты.
Ресми бөлім аяқталған соң қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Қазақстанның табиғи және мәдени көрікті жерлерін бейнелейтін фотосуреттер көрмесін тамашалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1118974?lang=kk