Астанада «Жас сарбаз» қозғалысының қызмет нәтижелері мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды

Астанада «Жас сарбаз» қозғалысының қызмет нәтижелері мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды

04.12.2025 18:30:36 65

Ұлттық әскери-патриоттық орталықта «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы филиалдарының қызмет нәтижелерін қорытындылап, жаңа кезеңге арналған міндеттерді айқындаған оқу-әдістемелік жиын өтті.

Қорытынды іс-шараға Қорғаныс, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ қозғалыстың республикалық және өңірлік филиалдарының төрағалары қатысты.

Жиында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары полковник Виталий Адамович, Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі майор Людмила Перякина сөз сөйледі. Талқыланып отырған тақырып бойынша Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Сауле Әпетова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Мәнсия Есекеева өз көзқарастарын білдірді.

Тараптар орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің өңірлердегі қозғалыс филиалдарымен өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.

Жылдың маңызды оқиғаларының бірі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы болды. Кездесу қатысушылары бұл нормативтік-құқықтық акт әскери-патриоттық бағдарламаларды іске асыруды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

Есептік кездесуде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының атынан ведомство өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті.

Оқу-әдістемелік жиын аясында жастар арасында жоғары патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға және отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған жаңа жұмыс түрлерін енгізу бойынша тренингтер мен сабақтар өткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1119377?lang=kk