Вашингтонда Қазақстанмен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытты
09.12.2025 20:00:55 343
Вашингтон, 2025 жылғы 8 желтоқсан – «Atlantic Council» ой-талқы орталығының алаңында Қазақстанның аса маңызды минералдар саласындағы әлеуетіне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, «Atlantic Council» Еуразия орталығының аға директоры Джон Хербст, АҚШ Үкіметінің өкілдері, америкалық даму қаржы институттары, бизнес және сарапшылық қауымдастық қатысты.
Елші өз сөзінде Мемлекет басшысының Вашингтонға сапары мен «С5+1» Саммитінің негізгі нәтижелерін, соның ішінде 17 млрд. долл. астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылғаны, Қазақстан мен АҚШ арасында өңірдегі алғашқы аса маңызды минералдар жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандум бекітілгенін атап өтті.
М.Ілиясов Меморандум кеңейтілген серіктестік форматын қалыптастыратынын, оның аясында Қазақстанда қайта өңдеу қуаттарын құру, технологиялар трансфері және отандық өнімнің АҚШ нарығына қол жеткізуі көзделетініне тоқталды.
Меморандумның практикалық орындалуына мысал ретінде Елші америкалық «Cove Capital» компаниясымен жасалған келісімді келтірді. Жоба аясында АҚШ-тың даму қаржы институттарының қатысуымен Қазақстанда жоғары қосылған құны бар өнім өндіру үшін 1,1 млрд. долл. көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.
Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал туралы, соның ішінде лицензиялау рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын арттыруға бағытталған жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер жөнінде толық ақпарат берілді.
«Kazakh Invest» ҰК өкілі аса маңызды минералдардың расталған қорларына негізделген, жоғары инвестициялық тартымдылығы бар шамамен 50 дайын инвестициялық жобаны таныстырды.
Дөңгелек үстел сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қатысушылар Қазақстанмен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жоғары қызығушылық білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылдың айтарлықтай әлеуетін атап өтті және әрі қарайғы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындығын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1122348?lang=kk