Қазақстан Мафальда Дуартені Астанада өтетін Аймақтық климаттық саммитке шақырды

Қазақстан Мафальда Дуартені Астанада өтетін Аймақтық климаттық саммитке шақырды

10.12.2025 14:50:36 136

Сеул, 2025 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов «Жасыл климат қорының» (GCF) Атқарушы директоры Мафальда Дуарте ханыммен GCF Достары тобының кезекті отырысы аясында кездесті.

Жүздесу барысында тараптар экология саласындағы ынтымақтастық перспективалары жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, ү.ж мамырда Мафальда Дуартенің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижелері талқыланды. Сапар аясында GCF басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Саран қаласындағы күн электр станциясына барған болатын.

Осы ретте қазақ дипломаты көпжақты климаттық қор басшысына Мемлекет басшысының 2026 жылғы сәуірде Астанада БҰҰ агенттіктерінің қолдауымен өтетін Аймақтық климаттық саммитке ресми шақыруын табыстады.

Мафальда Дуарте Қазақстанмен экология және климат өзгерісі саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ынтымақтастықты дамыту маңызды екенін атап өтті.

Тараптар одан әрі ықпалдастықты нығайту мақсатында диалогты жалғастыруға келісті. Қазақстанның GCF-пен өзара іс-қимыл тәжірибесі құны 216,5 млн АҚШ долларын құрайтын 5 жобаны қамтитынын атап өткен жөн.

«Жасыл климат қоры» (GCF) 2010 жылы Канкун келісімдері аясында климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша дамушы елдерді қолдау үшін құрылған. Қор БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (UNFCCC) және Париж келісімінің қаржылық тетігі болып табылады.

2015 жылы алғашқы жобаны қаржыландыру мақұлданған сәттен бастап, GCF бүгінде 100-ден астам жобаны қамтитын ауқымды портфель қалыптастырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1122800?lang=kk