Сеулде Орталық Азия елдерінің Корея Республикасымен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды

Сеулде Орталық Азия елдерінің Корея Республикасымен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды

10.12.2025 15:41:19 157

Сеул, 2025 жылғы 9 желтоқсан — Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған «Кореяның өңірлік стратегиялары форумы: жаһандық әріптестікті кеңейту» атты форум Сеул қаласында өтті.

Іс-шараға Үкімет өкілдері, жетекші отандық және шетелдік сарапшылар, дипломаттар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатарынан 300-ден астам қатысушы жиналды. Форумның негізгі мақсаты — жаһандық жағдайдың жылдам өзгеруі аясында Кореяның сыртқы саясатының басым бағыттарын және халықаралық әріптестікті нығайту жолдарын талқылау болды.

Форумның маңызды сессияларының бірі Корея Республикасының Орталық Азиямен өзара іс-қимылына арналды. Корея СІМ Солтүстік-Шығыс және Орталық Азия істері бюросы Бас директорының орынбасары Нам Джин Орталық Азия Кореяның сыртқы саясатындағы басым өңірлердің біріне айналғанын атап өтті. Ол Сеул Орталық Азияға қатысты саясатын қайта қарастырып, 2026 жылы өтетін C5+K Саммитіне дайындалып жатқанын жеткізді.

Форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның Елшісі Нұрғали Арыстанов Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың күшеюін және C5+1 форматында сыртқы әріптестермен өзара іс-қимылдың кеңеюін тілге тиек етті. Ол 2024–2025 жылдары бұл формат Мемлекет басшылары деңгейіне көтерілгенін атап өтіп, Қазақстанның дәйекті көпвекторлы саясат жүргізетінін және өңірдегі конструктивті рөл атқаратын орта держава ретінде танылатынын айтты.

Елші Арыстанов парламенттік және сараптамалық байланыстарды, сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы өзара іс-қимылды және GAROK қолдауымен жүргізіліп жатқан белсенді өңіраралық дипломатияны қамтитын C5+K форматындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Ол Қазақстанда корей капиталы бар 894 компания қызмет атқаратынын жеткізді.

Сонымен қатар, гуманитарлық байланыстар да қарқын алып келеді: туристік ағын артып, білім беру бағдарламалары кеңеюде, оның ішінде Woosong университеті филиалының ашылуы және Қызылорда қаласында SeoulTech университетінің AI School жобасының іске қосылуы. Елші өңірдің ашықтығы артып келе жатқанын, соның ішінде Қазақстан мен Корея арасындағы 30 күндік визасыз режимнің және Астана, Алматы, Шымкент қалаларын Сеул және Пусанмен байланыстыратын 20 тікелей әуе рейсінің бар екенін атап өтті. Бұл факторлар өзара байланыстарды кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды.

Пікірталас барысында сарапшылар Орталық Азияның өзгеріп жатқан болмысына, өңірдің стратегиялық маңыздылығы мен экономикалық әлеуетінің артуына және технологиялық даму сұранысына сәйкес Корея Республикасының өңірге қатысты жаңа, мақсатты стратегия әзірлеу қажеттігін атап өтті. Олардың пікірінше, Корея ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа, инновацияларға, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына және адами капиталды дамытуға бағытталған болашаққа бағдарланған тәсілді қалыптастыруға мүдделі.

Форумға қатысушылар Орталық Азияның геосаяси әрі экономикалық тұрғыдан өсіп келе жатқан рөлін жоғары бағалады. Іс-шара аясында өткен сұрақ-жауап сессиясы талқылауды тереңдетуге және қосымша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1122828?lang=kk