ШҚО бойынша МКД командасы «Кеден - Masters» – 2025 жылғы ардагерлер арасындағы футзалдан Қазақстан чемпионы
11.12.2025 14:50:32 326
21 - 23 қараша аралығында Астана қаласында ардагерлер арасындағы футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен 10 команда қатысып, турнир жоғары дайындық деңгейімен және командалар арасындағы өте жоғары бәсекелестікпен ерекшеленді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қатарынан құралған «Кеден – Masters» командасы сенімді ойын көрсетіп, топтық кезеңді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады.
Плей-офф кезеңінде «Кеден – Masters» өз қарсыластарын кезекпен сүріндірді: ширек финалда Ақмола облысының «Атбасар» командасын 7:0 есебімен, жартылай финалда Петропавлдың «СКО» командасын 5:1 есебімен ұтты. Финалдық матчта «Кеден – Masters» еліміздің бес дүркін чемпионы — «Буцефал» командасын 2:0 есебімен жеңіп, 2025 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.
Турнир қорытындысы бойынша «Кеден – Masters» ойыншысы Елжан Закарияға «Чемпионаттың үздік қорғаушысы» атағы берілді.
2004 жылы құрылған команда Шығыс Қазақстандағы ең тұрақты әрі табысты спорт ұжымдарының бірі болып саналады. Команда еншісінде — облыстық біріншіліктегі 12 чемпиондық аталым, сондай-ақ республикалық деңгейдегі көптеген жетістіктер бар. Олардың қатарында Серғазы Рымбаев атындағы турнирдегі жеңіс және үш мәрте — жазғы «Алакөл» кубогындағы жеңістер бар. Команда капитаны, ШҚО бойынша МКД, Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы Болатбек Жаманбаев команда жеткен табыстардың ұзақ жылдар бойы жүргізілген жоспарлы жұмысы мен команданың жоғары деңгейдегі бірлігінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Кеден – Masters» құрамында өңірге танымал спортшылар, қазақша күрес, самбо және дзюдoдan халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, сондай-ақ футболдан спорт шеберлері бар.
ШҚО бойынша МКД басшылығының және Спорт ардагерлері ұйымының төрағасы Мұхаметолла Агзамовтың қолдауының арқасында «Кеден – Masters» командасы қазақстандық футзалда өз позициясын нығайтып, жас буынға үлгі болуды жалғастыруда.
Департамент «Кеден – Masters» командасын жарқын жеңісімен құттықтайды. Сіздердің жетістіктеріңіз — жоғары кәсібиліктің және командалық ауызбіршіліктің нәтижесі. «Кеден – Masters» құрамындағы ШҚО бойынша ДГД қызметкерлері — Болатбек Жаманбаев, Сымбат Кемешев, Қанат Агибаев және Ерболат Асқаров республикалық деңгейде Департаменттің намысын абыроймен қорғап, сенімді әрі әсерлі ойын көрсетті, жоғары спорттық рух пен жеңіске деген жігер танытты.
Сіздердің жетістіктеріңіз біз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы жарыстарда жаңа табыстар мен жаңа жеңістер тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1123632?lang=kk