Алматы облысының колониясында екі жаңа өндіріс іске қосылып, 100 жұмыс орны ашылды
12.12.2025 15:31:27 233
Алматы облысында ҚАЖ жүйесіне қарасты №10 мекемеде «INFINITEL» және «БроМарт» атты екі жаңа өндірістік нысан ашылды. Жобалар сотталғандарды жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған өңірлік бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік органдардың өкілдері және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, соңғы уақыттарда сотталғандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші 41 пайыздан 65 пайызға дейін өсіп отыр. Бұл нәтижеге жаңа өндірістердің ашылуы мен оқыту бағдарламаларының енгізілуі ықпал еткен. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған тегін курстардың нәтижесінде 250 сертификат табысталып, 78 адам жұмысқа орналасқан.
- «Бүгін іске қосылып отырған екі кәсіпорын шамамен 100 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бұл сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға қосылған нақты үлес. Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек қалыпты өмірге оралудың ең тиімді жолы. Бірлік пен адал еңбектің арқасында ғана жаңа нәтижелерге қол жеткіземіз», — деді өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Қараша айының қорытындысы бойынша ҚАЖ жүйесінің №10, 12, 14 және 57 мекемелерінде барлығы 251 жаңа жұмыс орны ашылған. Өңір басшылығы өндірістік секторды кеңейтуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
2026 жылдың басынан бастап ҚАЖ мекемелерінде 400-ден астам қосымша жұмыс орнын ашу көзделуде. Жобаға «Алматы Сквер», «ГосСнаб», «Акуа Холдинг» және «Еңбек» кәсіпорындары сияқты серіктестер тартылып жатыр.
INFINITEL және «БроМарт» кәсіпорындарының іске қосылуы қайта әлеуметтендіру бағдарламасының дамуына және мекемелер ішінде тұрақты өндірістік ортаны қалыптастыруға жасалған маңызды қадам. Бұл жобалар сотталғандардың еңбек дағдыларын жақсартып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға тиімді бейімделуіне мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1124620?lang=kk