Қазақстан–Ұлыбритания қатынастарына жаңа серпін

Қазақстан–Ұлыбритания қатынастарына жаңа серпін

18.12.2025 17:20:45 189

         2025 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиев пен Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорси ханымның арасында екіжақты кездесу өтті.

         Аталған кездесу осы форматтағы тараптардың алғашқы ресми кездесуі болып, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласындағы өзекті мәселелер мен қазақстан-британ ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын талқылауға арналды.

         Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, кедендік рәсімдерді жаңғырту, цифрлық шешімдерді дамыту, тәуекелдерді басқару және институционалдық әлеуетті арттыруды қоса алғанда, басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге өзара мүдделілік білдірді.

         Жандос Дүйсембиев британдық тарапты Комитеттің негізгі қызмет бағыттары, жүзеге асырылып жатқан реформалар, сондай-ақ халықаралық сауда мен инвестициялар үшін ашықтықты, тиімділікті және қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

        Өз кезегінде, Салли Аксуорси ханым британдық тараптың одан әрі сындарлы диалог пен тәжірибе алмасуға дайын екенін растап, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.

       Кездесу қорытындысы бойынша кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы Меморандумға қол қойылды, сондай-ақ тараптар тұрақты диалог пен практикалық ынтымақтастықты дамыту Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1128220?lang=kk