Қазақстан мен БҰҰ Даму Бағдарламасы ынтымақтастықты нығайту және 2026 жылға арналған жоспарларды талқылады
20.12.2025 08:01:08 157Астана, 2025 жылғы 19 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесуі өткізді.
Кездесу барысында тараптар осы жылдың қорытындыларын және Қазақстанның БҰҰДБ-мен одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылады.
Атап айтқанда, БҰҰДБ-ның Қазақстан үшін 2026-2030 жылдарға арналған елдік бағдарламасының қабылдануы, шілде айында Нью-Йоркте ОДМ іске асыру бойынша үшінші ерікті ұлттық шолудың табысты ұсынылуы, сондай-ақ денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, білім беру және басқа да салалардағы әріптестіктің нәтижелері аталып өтті.
Сонымен қатар, БҰҰДБ-мен жақында Алматыда ашылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша Өңірлік орталық шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ БҰҰДБ-ның Өңірлік даму бағдарламасын еліміздің басқа аудандарына кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.
Климат, экология және су ресурстарын басқару, оның ішінде Арал теңізінің жай-күйіне байланысты мәселелер де сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында маңызды талқылау тақырыбына айналды. Осыған орай БҰҰДБ өкілдері Саммит аясында Орталық Азия үшін климаттық және экологиялық инвестициялардың өңірлік портфелін қалыптастыруға арналған жоғары деңгейдегі іс-шара өткізу жоспарын хабарлады.
Бұдан басқа, кездесу барысында ресми ашылуы желтоқсан айында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланған орнықты даму мүддесі үшін 2026 Халықаралық еріктілер жылына орай жоспарланған іс-шараларға БҰҰДБ-ның қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, ынтымақтастықтың басым бағыттарын іске асыруға және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1129341?lang=kk