Халықаралық валюта қорында «Қазақстан күні» аталып өтті
20.12.2025 08:30:25 177
Вашингтон, 2025 жылғы 18 желтоқсан – Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы институттарымен серіктестігін тереңдету, сондай-ақ елдің мәдени мұрасын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған «Қазақстан күні» атты ресми іс-шара өтті.
Іс-шараға ХВҚ мен Дүниежүзілік банк тобының өкілдері, сондай-ақ Вашингтон қаласында тұратын және еңбек ететін қазақстандық отандастар қатысты.
Іс-шараның салтанатты бөлігінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының серпінді қарқынына және оның жаһандық қаржы-экономикалық ынтымақтастық жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанына ерекше назар аударылды.
Құттықтау сөзбен Қазақстан кіретін мемлекеттер тобының атынан ХВҚ Атқарушы директоры Патрик Лошевски сөз сөйледі. Ол Қазақстанның Қор қызметіне қосқан үлесін жоғары бағалап, алдағы өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарын атап өтті.
Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Елшісі Мағжан Ілиясов өз сөзінде халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықтың елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету тұрғысындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, Қазақстанның жаһандық экономикалық архитектурадағы сенімді әрі жауапты әріптес ретіндегі рөлін ерекше көрсетті.
Сонымен бірге, Дүниежүзілік банк өкілі, Атқарушы директордың орынбасары Мариуш Круковский сөз сөйлеп, экономикалық өсуді және өңірлік дамуды қолдауға бағытталған бірлескен бастамаларды кеңейту перспективаларына тоқталды.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде дәстүрлі қазақ дастарханы, «Гүлдер» би ансамблінің өнер көрсетуі және домбырада классикалық күйлердің орындалуын қамтыған мәдени бағдарлама ұсынылып, қонақтарға Қазақстанның бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1129367?lang=kk