2025 ЖЫЛ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖӘНЕ РЕФОРМАЛАРҒА БЕТБҰРЫС
05.01.2026 10:39:14 1172
Мемлекет басшысы өткен жылды қорытындылай келе, 2025 жылды Қазақстан үшін маңызды экономикалық әрі институционалдық өзгерістер кезеңі ретінде бағалады. Президенттің айтуынша, бір жылдың ішінде ел өмірінде ауқымды әрі маңызы зор оқиғалар орын алды. Соның ішінде экономиканың 6 пайыздан астам өсімі ерекше атап өтілді.
Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард АҚШ долларына жетіп, жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан асты. Бұл – Қазақстан үшін ғана емес, тұтас өңір аясында рекордтық нәтиже. Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстарды жалпы оң бағалағанымен, тоқмейілсуге жол жоқ екенін қадап айтты. Алда шешімін күткен түйткілдер де аз емес.
Президент инфляция деңгейінің жоғары болуы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған еңбектің тиімділігін төмендетіп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет пен өңір басшыларына елдің әлеуметтік-экономикалық негізін нығайту бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, өткен жылдың басты қорытындысы ретінде Қазақстанның реформаларды жүзеге асыру жолына біржола бет бұрғаны айтылды. Елде жаңғыру үдерісі қарқынды жүріп, қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгерістер қажет екені жөнінде ортақ түсінік қалыптасты.
Жаһандық үрдістерге тоқталған Мемлекет басшысы әлемдік саясаттағы өзгерістердің де ел дамуына әсер етіп отырғанын жеткізді. Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық қағидаттарына негізделген қоғам құру ісі жалғасып, бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жылда одан әрі күшейтілетіні атап өтілді.
Сұхбат барысында жаңа Салық кодексіне қатысты мәселелер де қозғалды. Президент салық реформасы қоғамда қызу пікірталас туғызғанын мойындай отырып, бұл қадамның экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтты. Жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық жүйесін түбегейлі қайта құру, ашық әрі түсінікті қағидаттарға негіздеу.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша құн салығының жоғарғы шегі төмендетіліп, салық жүйесінде бақылаудан гөрі серіктестікке басымдық берілмек. Бұл ретте мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара жауапкершілік негізгі қағидаға айналады.
Президент салық төлеуді заманауи қоғамдық келісімшарт ретінде бағалап, оның инфрақұрылымның дамуына, қауіпсіз ортаның қалыптасуына және әлеуметтік әділдіктің орнауына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, салық мәдениетін қалыптастыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тетігі екені де баса айтылды.
Жалпы, сұхбатта көтерілген мәселелер Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған жүйелі реформалардың жалғасатынын және мемлекеттің алға қойған стратегиялық мақсаттары айқын екенін көрсетеді.