«Экспорттық акселерация 2025» бағдарламасы аясында қазақстандық компаниялар 180 млн АҚШ долларына келісімшарт жасасты

«Экспорттық акселерация 2025» бағдарламасы аясында қазақстандық компаниялар 180 млн АҚШ долларына келісімшарт жасасты

06.01.2026 16:00:25 992

Өткен жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы QazTrade экспорттық акселерация бағдарламасын сәтті іске асырды. Бағдарлама қазақстандық компанияларды сыртқы нарыққа жүйелі түрде шығуға дайындауға бағытталған.

Жыл қорытындысы бойынша экспорттық акселерация бағдарламасына экономиканың 14 саласынан 120 компания қатысты. Олардың қатарында тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және фармацевтика, металлургия, IT-қызметтер, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және қызмет көрсету салалары бар.

Қатысушылардың ең көп үлесі тамақ өнеркәсібіне тиесілі болды. Сонымен қатар машина жасау мен химия салаларының компаниялары белсенділік танытты.

2025 жылы бағдарлама өзге салаларды кеңінен қамтып, экспорт географиясы айтарлықтай кеңейтілді. Бұрын негізгі назар жекелеген салаларға аударылса, есепті жылы акселерация 14 саланы қамтып, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы Корольдігі және Италияны қоса алғанда, 8 нысаналы нарыққа бағытталды.

Бағдарлама аясында компаниялар оқытудан өтті, экспорттық диагностика жүргізді, консультациялық және сервистік қолдау алды, сондай-ақ шетелдік нарыққа шығу бойынша кешенді сүйемелдеумен қамтылды. Нәтижесінде 2025 жылы жалпы сомасы 180 млн АҚШ доллар  экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен қатар қазақстандық компания өкілдері Қытай мен Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтті.

Экспорттық акселерациямен қатар, 2025 жылы QazTrade ұйымдастырған сауда-экономикалық миссиялар аясында қазақстандық компаниялар Иран, Венгрия, Қытай, Ауғанстан, Малайзия, Өзбекстан, Беларусь және Пәкістан елдерінде өткен іскерлік кездесулерге қатысты. Жыл ішінде барлығы 10 сауда-экономикалық миссия өтті.

Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы белсенді экспорттаушылар саны 1 000 компанияға дейін жетті. Бұл ретте қолдау бағдарламаларына қатысушылардың шамамен 80 пайызы шағын және орта бизнес субъектілерінен тұрды, ал компаниялардың 60 пайыздан астамы тамақ өнеркәсібі саласын ұсынды.

Экспорттық акселерация бағдарламасы қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған экспортты қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1137307?lang=kk