Қазақстан мен Румыния арасындағы ауыл шаруашылық саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде
13.01.2026 17:50:32 236
2026 жылғы 13 қаңтар, Бухарест қаласы — Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Е.Әли Румынияның Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрі Ф.Барбумен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы ауыл шаруашылық саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын ұлғайту мәселелерін талқылады.
Румыниядан Қазақстанға импортталатын күнбағыс майының жеткізілу динамикасына ерекше назар аударылды. Соңғы кезеңде аталған өнім жеткізілімінің көлемі бес есе артқаны атап өтіліп, бұл румын өнімінің қазақстандық нарықта жоғары сұранысқа ие екенін және әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, екі елдің тиісті ведомстволары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік танытты.
Министр ағымдағы жылдың маусым–шілде айларында Қазақстанға ресми сапармен келу ниетін білдіріп, келіссөздер жүргізу және ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін және сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bucharest/press/news/details/1140578?lang=kk