Ұландық сарбаз ант қабылдау рәсімінде сүйіктісіне тосынсый жасады

Ұландық сарбаз ант қабылдау рәсімінде сүйіктісіне тосынсый жасады

19.01.2026 12:50:27 268

Астанадағы 5573 әскери бөлімінде өткен ант қабылдау рәсімі бұл жолы көптің жадында ерекше бір сәтімен сақталды. 700-ден астам сарбаз сап түзеп, әскери ант беріп жатқанда, олардың арасында қатардағы жауынгер Алмас Абдрахов та тұрды. Ол Отанға адал қызмет етуге серт беріп қана қоймай, дәл сол салтанатты жиында сүйіктісіне жүрек елжіреткен тосынсый жасады.

Алмас саптан шығып, сүйіктісі Томириске үйленуге ұсыныс айтты. Бір сәтте әскери тәртіптің салмақты көрінісі қуаныш пен толқынысқа ұласып, екі жас көптің назарына бөленді. Болашақ жарының келісімін алған Алмас Балтабайұлы әскерден оралған соң үйлену тойын жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл оқиғаға әскери бөлімнің жеке құрамы, 3000-ға жуық ата-ана мен сарбаздардың туыстары куә болды.

Іс-шара барысында әскери бөлім командирі Жандар Әшірбеков сөз сөйлеп, әскери анттың әр сарбаз үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

– Әскери ант – жай ғана сөз емес, ол Отанға, халыққа, ата-анаға деген адалдықтың айқын көрінісі. Сіздер артылған сенімді ақтап, Ұлттық ұлан жауынгеріне лайықты қызмет атқарады деген үміттемін, – деді Жандар Әшірбеков.

Енді қатардағы Алмас Абдрахов бастаған жауынгерлер қала көшелерінде және маңызды іс-шаралар кезінде жауынгерлік қызмет атқаруға кіріседі.

Айта кетейік, рәсім соңында жеке құрам сап түзеп, әскери техникалардың қатысуымен шеру өтті. Бірақ бұл күннің ең есте қалар көрінісі – жас сарбаздың ғашығына жасаған ұсынысы болды. Осылайша, жауынгерлер ант берген алаңда жас отбасының да іргетасы қаланды.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1143460?lang=kk