ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ЖАҢА САЯСИ ЖҮЙЕ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ

ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ЖАҢА САЯСИ ЖҮЙЕ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ

21.01.2026 19:06:26 197

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Президент елдің болашағына тікелей әсер ететін ауқымды конституциялық және парламенттік реформаларды ұсынды. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әділетті, тиімді және тұрақты мемлекеттік жүйе қалыптастыру.

Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру бастамасын жариялап, жаңа заң шығарушы органға «Құрылтай» атауын беруді ұсынды. Бұл атау халқымыздың тарихи дәстүрімен сабақтасып, ұлттық мемлекеттіліктің символына айналмақ. Жаңа Парламент 145 депутаттан тұрып, ықшам әрі кәсіби құрылым ретінде елдегі реформаларды заңнамалық тұрғыда жедел қолдауға мүмкіндік береді.

Президент ұсынған маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстанның Халық Кеңесін құру. Бұл орган қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңына айналып, этносаралық келісім, қоғамдық саясат және ұлттық бірлікті нығайту мәселелеріне жүйелі түрде атсалысады. Кеңеске заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуі оның мәртебесін айтарлықтай арттырады.

Сонымен қатар Вице-президент институтын енгізу туралы ұсыныс мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық келіссөздерге қатысып, Парламент пен қоғам алдында мемлекет мүддесін қорғайды. Бұл қадам билік иерархиясын нақтылап, басқару тиімділігін арттырады.

Президент Конституцияның Преамбуласын жаңартып, онда ұлттық құндылықтар мен «Әділетті Қазақстан» қағидатын бекітуді ұсынды. Сондай-ақ азаматтардың дербес цифрлық деректерін қорғау мәселесін Ата заң деңгейінде нақтылау қажеттігін атап өтті. Бұл – заман талабына сай құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Ұсынылған реформаларды іске асыру үшін Конституциялық комиссия құрылып, барлық өзгерістер жалпыхалықтық референдумға шығарылмақ. Бұл – халықтың тікелей қатысуымен қабылданатын тарихи шешім.

Президенттің бастамалары Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл реформалар елдің бірлігін нығайтып, Тәуелсіз Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды.