Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ-ң Еуразия апталығына қатысты

Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ-ң Еуразия апталығына қатысты

05.02.2026 18:19:14 206

Париж қ. 2026 ж. 5 ақпанЭкономикалық ынтымақтастық және даму ұйымның (ЭЫДҰ) Париждегі бас пәтерінде Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдерінен, ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттерден, сондай-ақ мүдделі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың өкілдерін қоса алғанда 200-ден астам делегаттың қатысуымен кезекті «Еуразия апталығы» өтті.

«ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы» – 2008 жылы бастамашылық еткен Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы (ЕБҚБ) аясында өңір елдері мен Ұйымға мүше мемлекеттердің тұрақты түрде өтетін кездесуі. Іс-шара Еуразия елдері мен ЭЫДҰ арасындағы өңірдің бәсекеге қабілеттілігіне және оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

«ЭЫДҰ Еуразия апталығына» қатысқан Қазақстан делегациясы құрамына ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының, Экономикалық зерттеулер институтының және Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері кірді.

Іс-шараның ашылу сессиясында Орталық Азия бастамасының ЕБҚБ шеңберіндегі өңірлік тең төрағасы ретінде сөйлеген сөзінде Қазақстан делегациясы ЭЫДҰ-ның сапалы талдамасы мен нақты ұсынымдары елімізде және өңірде экономиканың бірқатар негізгі салалары мен мемлекеттік басқару жүйесінде реформаларды әзірлеу және іске асыруда маңызды рөл атқарып, Ұйымның жоғары стандарттары ұлттық заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Бұл ретте, Қазақстан ЭЫДҰ-ның өңіріміздегі елдермен – сауда рәсімдерін жеңілдету және көлік байланыстылығын нығайту салаларын қоса алғанда жүйелі ынтымақтастығын қолдайды.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Еуразия апталығының қатысушыларын 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабардар етіп, ЭЫДҰ-ға оның мазмұнды күн тәртібін әзірлеудегі серіктестігі үшін алғыс білдірді.

ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А. Бижанова Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және Азиядағы стратегиялық инфрақұрылым бағдарламасына (SIPA) арналған сессияларда сөз сөйледі. Өз баяндамаларында ол Транскаспий дәлізіндегі институционалдық кедергілерді жою бойынша Қазақстанның басымдықтарын атап өтті. Цифрландырудың, келісілген инфрақұрылымдық шешімдердің және сауда рәсімдерін үйлестірудің рөлі атап өтілді. Экологиялық тұрақтылық қағидаттарын ескере отырып, «көміртегі күн тәртібіне» және көлік және сауда инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда сауда-саттықты кеңейту және тұрақты жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялау тетігі ретінде өңір елдерінің SIPA шеңберіндегі ынтымақтастығының құндылығы атап өтілді.

Делегация аса маңызды шикізат материалдарына арналған сессияға белсенді қатысты. ҚР Қаржы вице-министрі Е. Біржанов Қазақстанда пайдалы қазбалардың бағасын төмендету, зиянды салықтық жеңілдіктер беру, трансферттік баға белгілеу сияқты тәуекелдерге қарсы іс-қимыл жүйесі қалай жолға қойылғаны туралы айтып, жаңа Салық кодексінің бірқатар нормалары осы саладағы инвесторлар үшін тиімді жағдайлар жасауға бағытталғаны атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Еуропалық одақтағы өкілі Сайран Байжаханов жауапты бизнес жүргізу саласындағы ЭЫДҰ стандарттарын, атап айтқанда тау-кен өндіру секторында қолдану жөніндегі талқылау барысында Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.

Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов Еуразия елдері экономикаларының бәсекеге қабілеттілігі мәселелеріне арналған сессияда отандық тәжірибені таныстырып, нарықтық бұрмалауларды шектеу және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін қолданылатын реттеушілік және басқарушылық тетіктерге тоқталды. Бұл ретте, ол осы саладағы реформаларды іске асыруда Қазақстанға және өңірдің басқа да елдеріне ЭЫДҰ тарапынан көрсетіліп отырған бағалы қолдауды атап өтті.

Сонымен қатар, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров халықаралық сауда рәсімдерін жетілдіру, экспортты әртараптандыру және инвестиция тарту тұрғысынан Қазақстанның тәжірибесін таныстырды.

Іс-шара аясында ҚР делегациясының ЭЫДҰ-ның құрылымдық бөлімшелерінің және іс-шараға қатысқан басқа делегациялармен бірқатар екіжақты кездесулері өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1155871?lang=kk