Қазақстан мен Мажарстан білім беру және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда: Елшінің Кечкемет пен Карцаг қалаларына сапары
06.02.2026 19:02:40 157
2026 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекулы «John von Neumann» университетінің шақыруымен жұмыс сапарымен Кечкемет қаласына барып, білім беру, ғылыми және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған бірқатар іс-шараларға қатысты.
Сапар барысында Елші университет ректоры Тамаш Фюлеппен, оқу орны басшылығы және халықаралық байланыстар офисінің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында университет қызметінің басым бағыттары, оның ішінде білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу бастамалары, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарымен қоса алғанда, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жан-жақты талқыланды.
Жұмыс сапары аясында Абзал Сапарбекулы Кечкемет қаласының әкімдігіне барып, қала әкімі Клаудия Семерейне Патакимен, сондай-ақ қала әкімінің орынбасары әрі Бач-Кишкун медьесінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Йожеф Гаалмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, экономикалық, білім беру және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді, сондай-ақ тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.
Кечкеметтегі іс-шаралар аяқталғаннан кейін Елші Карцаг қаласында AgroSprint мажар компаниясының жаңа орау зауытын ашу салтанатына қатысты. Ресми шара барысында Мажарстанның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңірлік экономиканы дамыту және инвестициялық климатты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1156881?lang=kk