Шымкент: Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі

Шымкент: Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі

19.02.2026 19:51:29 177

Қазақстан тарихындағы маңызды саяси қадамдардың бірі – Жаңа Конституцияның әзірленуі. Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді реформаларды қамтиды.
Осыған орай Шымкент қаласындағы Аймақтық инновациялық университет базасында Жаңа Конституцияны түсіндіруге арналған жиын өтті. Кездесуге профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастар қатысты.
Жиын спикері, университет оқытушысы Сабыр Иманбердиев өз сөзінде Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы екенін атап өтті.
– Адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде бекітілді. Әр азаматтың заң алдында теңдігі, жеке басының қауіпсіздігі, пікір білдіру еркіндігі және әділ сотқа қол жеткізу құқығы нақты әрі айқын көрсетілген. Бұл өзгерістер қоғамдағы әділдік қағидатын күшейтіп, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді спикер.
Жиын барысында конституциялық реформалар аясында президенттік басқару үлгісі қайта қаралып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейтілгені айтылды. Жаңа редакцияда Парламенттің рөлі арттырылып, мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтілген. Президенттің бірқатар өкілеттіктері қайта бөлініп, мемлекеттік басқару жүйесінің ашық әрі есеп беретін сипаты күшейгені атап өтілді.
Сондай-ақ Жаңа Конституция негізінде Конституциялық соттың қайта құрылғаны сөз болды.
– Азаматтар өз құқықтарының бұзылғаны жөнінде тікелей Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатының нығаюының нақты көрінісі, – деді Сабыр Иманбердиев.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жаңа нормалардың мазмұны жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру.
Жалпы, Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы берік құқықтық негіз. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды құжат.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын білдірді.