Қазақстандағы конституциялық өзгерістер университеттік пікірталастың назарында
20.02.2026 19:01:04 231
Гаага, 2026 жылғы 20 ақпан – Академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейту аясында Қазақстан Республикасының Елшісі Ақан Рахметуллин Лейден университеті жанында қызмет ететін және халықаралық қатынастар, құқық және жаһандық басқару салаларына маманданған студенттерді біріктіретін SIB-Leiden студенттік қауымдастығының мүшелерімен кездесу өткізді. 1947 жылы құрылған SIB-Leiden Нидерландтағы SIB желісінің ең көне бөлімшесі болып табылады және студенттердің әртүрлі мемлекеттердің елшілерімен және дипломатиялық өкілдерімен тікелей пікір алмасуына мүмкіндік беретін зияткерлік пікірталас форматтарымен кеңінен танымал.
Мазмұнды диалог барысында Елші Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, Қазақстан–Нидерланд ынтымақтастығының даму динамикасын, еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік архитектурадағы рөлін, сондай-ақ көпжақты халықаралық алаңдардағы қызметін таныстырды.
Кездесудің жеке бір бөлігі Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаға арналды. Жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық негіздері, саяси жүйені трансформациялаудың логикасы мен негізгі параметрлері жан-жақты түсіндірілді.
1575 жылы негізі қаланған Лейден университеті Нидерландтағы ең көне жоғары оқу орны болып табылады және Коимбра тобына, Europaeum қауымдастығына және Еуропаның зерттеу университеттері лигасына кіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1166590?lang=kk