Маңызды әңгіме: Шымкент полициясының басшысы студенттермен кездесті
25.02.2026 10:22:44 248

Оңтүстік Қазақстан университетінде қалалық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев 500-ге жуық студентпен кездесу өткізіп, ашық әрі мазмұнды диалог құрды.
Жиында генерал жастармен тек ресми баяндама жасап қана қоймай, *қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған нақты мәселелерді талқылады* . Атап айтқанда, сталкинг, қыз алып қашу, интернет-алаяқтықтағы «дропперлік» схемалар, есірткі тарату, вейп пен «күлдіргіш газ» қолдану, қоғамдық орындарда бет-жүзді тұмшалау және самокат жүргізу мәдениеті сөз болды.
Полицей *сталкингтің* қылмыс ретінде заңмен қарастырылатынын атап өтіп, *қыз алып қашу* дәстүр емес, адам құқығын бұзу екенін қадап жеткізді.
Сондай-ақ, интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа тоқталған полиция басшысы жастарды *«оңай табыс»* ұсыныстарына алданбауға шақырды. *Банк картасын бөтен адамға беру* қылмысқа ортақтасумен тең екенін түсіндірді. Бұдан бөлек, *есірткі қоюшы болу* да ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Кездесу барысында арнайы бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы заң талаптары түсіндірілді. Студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
*– Қоғамның қауіпсіздігі әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Сіздер – елдің ертеңісіздер. Біз сіздерге сенеміз және әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз,* – деді Мұхтар Қожаев.
Кездесу жастарға ой салған мазмұнды алаңға айналды. Тәртіп сақшылары студенттермен профилактикалық кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырады.