«Air Canada» әуекомпаниясының штаб-пәтеріне бару туралы

«Air Canada» әуекомпаниясының штаб-пәтеріне бару туралы

26.02.2026 08:17:44 216

2026 жылғы 23 ақпан, Монреаль. ИКАО Аэронавигациялық комиссиясының мүшелері мен бақылаушылары «Air Canada» әуекомпаниясының штаб-пәтеріне барды. Қазақстан Республикасы Комиссияда бақылаушы мәртебесіне ие.

Сапар барысында әуекомпанияның басшылығы мен салалық мамандары тасымалдаушының қызметі, ұшу қауіпсіздігі саласындағы басымдықтар, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету жүйесі және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде ақпарат ұсынды.

Презентациялармен «Air Canada»-ның нормативтік сәйкестік және персоналды даярлау жөніндегі аға директоры Бенуа Лёкур мырза мен «Boeing» үлгісіндегі әуе кемелерін пайдалану жөніндегі инженері Кристофер Вонг мырза сөз сөйледі. Олар авиациялық персоналдың шаршау тәуекелдерін басқару бағдарламасы мен әуе кеменің техникалық жай-күйі туралы деректерді талдайтын «Boeing Aircraft Health Monitoring» жүйесі туралы баяндады.

Сонымен қатар, қатысушылар әуекомпанияның ангарын аралады. Делегация әуе кемелерге техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастырумен және олардың жай-күйін бақылау жүйесімен танысты.

Планшеттік құрылғылар арқылы басқарылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) жұмысы көрсетілді. Олар ұшуларға дейін және ұшудан кейін әуе кемесінің сыртқы бетін визуалды тексеру; фюзеляждың, қанат пен құйрық бөлігінің микроскопиялық зақымдарын анықтау; элерондардың жай-күйін бақылау; сондай-ақ мұзға қарсы өңдеуден кейін әуе кеменің жағдайын тексеру үшін қолданылады.

Дрондарды пайдалану тексеру уақытын едәуір қысқарту, ақауларды анықтау дәлдігін арттыру мен адами факторына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

«Air Canada» – 1937 жылы құрылған, штаб-пәтері Монреаль қаласында орналасқан Канаданың ең ірі әуекомпаниясы. Компания әлем бойынша 200-ден астам бағытта жолаушылар мен жүк тасымалдарын (тұрақты және чартерлік) жүзеге асырады. Негізгі хабтары – Торонто қаласындағы Пирсон әуежайы, Монреаль қаласындағы Пьер Эллиот Трюдо әуежайы және Ванкувер әуежайы. Әуе кемелері паркі шамамен 210 бірлікті құрайды және «Airbus» (A220, A320, A321, A330) және «Boeing» (737 MAX 8, 777 LR, 777 ER, 787 Dreamliner) үлгілерінен тұрады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1169558?lang=kk