Ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті

Ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті

27.02.2026 15:41:15 216

Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп «Жамбыл жыры – елдің үні, ердің рухы» атты әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол, мазмұны терең рухани шара қазақ поэзиясының алыбына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Кеш аясында көпшілік назарына «Ғасыр жырлаған Жамбыл» атты кітап көрмесі ұсынылып, ақын мұрасының өміршеңдігі мен тарихи мәні кеңінен насихатталды. Сонымен қатар «Жамбылдың жырлы өмір жолы» атты бейнеролик көрсетіліп, жыр дүлдүлінің ғибратты ғұмыры, шығармашылық белестері мен ел тарихындағы айрықша орны әсерлі баяндалды.

Шараға Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші-жыршы Ләззат Жанаманова қатысып, Жамбыл мұрасының рухани-мәдени маңызы жайында мазмұнды ой қозғады. Ал Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Садуакасова Анар Досбайқызы ақын поэзиясының тағылымдық, тәрбиелік қырларына тоқталып, терең толғамды пікір білдірді.

Кеш барысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің этно-мәдени бірлестік мүшелері Жамбыл жырларын нақышына келтіре орындап, ақын өлеңдеріндегі ел бірлігі мен ұлт тұтастығын арқау еткен асыл ойларды айшықтай түсті. Ал аталған мектеп-лицей оқушылары «Жамбыл жыры – мәңгілік мұра» атты поэзиялық композиция ұсынып, көрермен көңілін тербеді.

Әдеби-сазды кештің көркемдік бөлімінде колледж студенті Хахар Таңдана «Жамбылдың жыр бастауы» атты арнауын әсерлі орындаса, «Өнер» мектебінің 3-сынып оқушысы Бекжан Тохтархан ақынның «Ақындарға арнау» шығармасын шынайы шабытпен жеткізді. Сондай-ақ колледждің 3-курс студенті Нәзира Сауытбай «Жамбылға» өлеңін тебіреніспен оқып, көрермен жүрегіне жол тапты.Шара соңында «Өнер мектебінің оқушысы Сезім Қосылбек Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл жыр» арнау әнін орындады.

Тағылымды кеш жас ұрпаққа Жамбыл мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық әдебиет пен өнерге деген құрметті арттыруға бағытталған мазмұнды мәдени шара ретінде көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Жыр алыбының асыл сөзі – елдің рухын көтерер мәңгілік мұра екені тағы бір мәрте айқындалды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1171243?lang=kk