Кәсіпорын ұжымына жаңа Конституция жобасы таныстырылды
03.03.2026 20:11:06 109.jpeg)
Шымкент қаласында кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары арасында жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Кезекті кездесу «Гаухар» тігін фабрикасы» ЖШС еңбек ұжымымен өтті.
Іс-шара барысында спикер Сүндет Сейітов жиналғандарға жаңа редакциядағы Ата заң жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтарын жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, құжат елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Спикер жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға баса мән берілгенін атап өтті. Әсіресе, еңбек саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударылды. Құжатта еңбекті қорғау тетіктерін жетілдіру, әділ еңбекақы төлеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері нақты көрініс тапқан. Бұл өзгерістердің барлығы қарапайым еңбек адамының құқықтарын қорғауға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны айтылды.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері әлеуметтік қорғау, жалақыны арттыру және еңбек қатынастарына қатысты өзекті сұрақтарын қойды. Спикер қойылған сауалдарға нақты жауап беріп, әр азаматтың өз құқығын білуі маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман болу қазіргі кезеңнің басты талабы екенін атап өтті.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұнына қатысты жан-жақты ақпарат алып, ел болашағына қатысты маңызды құжатты қолдау білдіретіндерін жеткізді.