«Анаға хат – 2026» байқауы жас қаламгерлерге шабыт сыйлады
04.03.2026 18:09:35 85
Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Анаға хат – 2026» қалалық шығармашылық байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың анаға деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, ананың қоғамдағы айрықша рөлін терең сезіндіру және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Биыл байқауға қаладағы 200-ге жуық мектептен оқушылар қатысып, өз шығармаларында аналарға деген шексіз махаббаттарын, ризашылық сезімдерін және жүрекжарды лебіздерін әсерлі жеткізді. Қатысушылардың хаттарында отбасы құндылықтары, ананың мейірімі мен қамқорлығы кеңінен көрініс тапты.
Ұсынылған жұмыстарды арнайы комиссия саралап, үздік деп танылған авторларды анықтады. Нәтижесінде Бас жүлдені №57 жалпы орта білім беретін мектептің 9 «В» сынып оқушысы Ихсанова Ирода Исламовна иеленді. І орын №131 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Сәбит Айаруға бұйырды. ІІ орынды Кенесары Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Оралбаева Әсемай Мерханқызы жеңіп алды. ІІІ орын №62 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Күмісбек Сабина Серікқызы мен IT лицейдің оқушысы Нурабдин Аминаға табысталды. Сонымен қатар, бес қатысушы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтіп, қатысушыларға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Анаға хат – 2026» байқауы – жас буынның жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, анаға деген құрметті арттыруға және отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған маңызды рухани жоба.