Қазақстан мен Эфиопия тауар айналымын арттыруды көздеп отыр
04.03.2026 20:22:26 300
Аддис-Абеба, 2026 жылғы 4 наурыз - Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Елшісі Жалғас Әділбаев Эфиопияның Сауда және өңірлік интеграция министрі Кассахун Гофемен кездесу өткізді. Тараптар экономикалық өзара іс-қимылдың стратегиялық басымдықтарын, екіжақты тауар айналымын ұлғайту жоспарларын және екі елдің іскер топ өкілдері үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелерін талқылады.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Елшісі Министрді Қазақстандағы ауқымды мемлекеттік реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сонымен қатар, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум туралы мілмдеді.
Сұхбаттың жалғасында тараптар халықаралық сауда-экономикалық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Сұхбаттасушылар БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын да қозғап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы тауар айналымының қазіргі көрсеткіштері екі ел экономикасының нақты әлеуетіне сәйкес келмейтінін мойындады. Осыған байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мақсатында ресми және іскер топтар өкілдері арасында B2B және G2G форматтарындағы өзара сапарлар алмасудың маңыздылығы, сауда-экономикалық ынтымақтастық және әуе қатынасы салаларында екіжақты келісімдерге қол қою мүмкіндігі, сондай-ақ Бірлескен іскерлік кеңес аясындағы өзара іс-қимыл арқылы ынтымақтастықты институционализациялау перспективалары талқыланды.
Кездесу соңында тараптар перспективалы экспорттық тауарлар тізімімен алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау үшін бейінді министрліктер арасында онлайн-консультациялар сериясын өткізуге келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1175116?lang=kk