Чехияда Қазақстандағы конституциялық реформалардың барысы жоғары бағаланды

Чехияда Қазақстандағы конституциялық реформалардың барысы жоғары бағаланды

05.03.2026 08:01:43 229

Прага, 2026 жылғы 4 наурыз – Қазақстан дипломаттары Чехияның жетекші талдау орталықтары, академиялық топтары мен медиа қоғамдастығы өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті чех саясаткерлері мен дипломаттары да болды. Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов модераторлық еткен пікірталас Қазақстандағы ішкі өзгерістерге, Орталық Азиядағы өңірлік процестерге, сондай-ақ Қазақстан басшылығының бітімгершілік бастамаларының қажеттілігін айқындайтын халықаралық аренадағы өзекті оқиғаларға арналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жиынның негізгі тақырыбына айналды. Сарапшылар қауымдастығына мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың стратегиялық бағдарлары, оның ішінде заң үстемдігі қағидатын нығайту, билік институттарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ әртараптандырылған және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру шаралары таныстырылды. Бұл реформалар еліміздің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен институционалдық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.

Талқылаудың едәуір бөлігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына арналды. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді, бір палаталы парламент – Құрылтайдың рөлін арттыруды, Үкіметтің жауапкершілігін күшейтуді, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды және конституциялық бақылау тетіктерін жетілдіруді көздейтіні айтылды. Реформа «Әділетті Қазақстан» құндылықтық бағдары мен «Заң және тәртіп» қағидатын айқындайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын растайды және тұтастай алғанда, көпэтносты әрі көпконфессиялы қоғамдағы демократиялық процестерді тереңдете түседі. Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктерін айқындау және елдің Вице-президенті лауазымын тағайындау ерекше қызығушылық тудырды.

Бай тарихи өткені мен қазіргі кезеңінде бірнеше трансформацияны бастан өткерген өз мемлекетінің тәжірибесін ескере отырып, чех тарапы конституциялық құрылыс және заңнама саласындағы терең әрі нақты біліктілігін танытты. Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын талқылау форматы мен оны бекіту үшін бүкілхалықтық референдумға шығару мемлекет дамуындағы маңызды мәселелерді шешуге халықтың кеңінен тартылғанын айқындайтыны атап өтілді.

Саясаттанушылар мен сарапшылар екі елдің іскер топтары арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге қатысты бірқатар ұсынымдарын айтты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі идеяларымен бөлісті. Кездесу соңында қарқынды диалогты жалғастыруға, академиялық байланыстарды дамытуға және екі елдің зерттеу институттары мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара дайындық расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1175157?lang=kk