Вашингтонда Орта дәлізді дамыту және өңірлік ынтымақтастық басымдықтары талқыланды
06.03.2026 08:04:02 90
Каспий саясаты орталығы (Caspian Policy Center) алаңында «Жаңа және кеңейтілген Орталық Азия: Транскаспий бағытын дамытудың келесі қадамдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Орта дәліздің перспективалары мен өңірлік кооперацияны нығайту мәселелеріне арналды.
Талқылауға Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, Әзербайжан мен Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, сондай-ақ америкалық сарапшылық қауымдастық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Өз сөзінде М.Ілиясов Қазақстанның Орталық Азиядағы серіктестікті тереңдетуді және Әзербайжанмен стратегиялық өзара іс-қимылды кеңейтуді дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «C6» форматының іске қосылуы Еуразия кеңістігінде көлік, сауда және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың неғұрлым прагматикалық тұрғыда қалыптастырылған моделіне көшуін білдіреді.
Елші өңір елдерінің орнықты экономикалық өсімі ауқымды нарық қалыптастырып, өзара сауданы ынталандырып, Орталық Азияның инвестициялық тартымдылығын арттырып отырғанын атап өтті. Қазақстан көршілес мемлекеттердің ілгерілеуін ашықтық, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына негізделе отырып, бүкіл өңірдің ұзақ мерзімді орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде қарастырады.
Қазақстан негізгі транзиттік-логистикалық буын ретінде әрекет ететін Орта дәліздің дамуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғырту, Каспийдегі порт қуаттарын кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және рәсімдерді оңтайландыру жүк жеткізу мерзімдерін айтарлықтай қысқартып, контейнерлік тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, транскаспий күн тәртібінің «C5+1» форматының экономикалық бағытымен, оның ішінде АҚШ-пен аса маңызды минералдар, озық технологиялар және инвестициялар тарту салаларындағы ынтымақтастықпен өзара үндестігі атап өтілді.
Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, оның барысында қатысушылар Транскаспий бағытын одан әрі дамыту және Орталық Азиядағы орнықты өсімді нығайту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1175955?lang=kk